Нұр-Сұлтан мен Қарағандыда нан құрамындағы тұз мөлшері азайтылады

24 Шілде 2019, 17:50
2893
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан мен Қарағандыда нан құрамындағы тұз мөлшері азайтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да нан-тоқаш өнімдеріндегі тұзды азайту көзделіп отыр.

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін бүгін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. 

Меморандумға орталық директорының міндетін атқарушы Руслан Сатывалдеев және ЖОО басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айтжан Әбдіров қол қойды.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыты - пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жастардың денсаулығын нығайту мақсатында нан, нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөлшерін 1 граммға кезеңімен азайту бөлінісінде рецептурасын өзгерту. 

"Адам денсаулығы 70% тамақтануына байланысты. "Адам не жесе, соған ұқсайды" деп бекер айтылмаған. Мөлшерден көп тұзды тұтыну жүрек-қантамыр аурулары, артериялық гипертония, инсульт, инфаркт, семіздік, ІІ типтегі қант диабетінің дамуы сияқты созылмалы жұқпалы емес ауруларға әкелуі, онкологиялық аурулардың кейбір түрлерін дамытуы мүмкін. Зерттеу жұмыстарына сүйенсек, Қазақстан тұрғындары тәулігіне 17 грамм тұз тұтынады. Бұл өте зиян, сол себепті күнделікті тұтынатын нан құрамындағы тұз мөлшерін азайту арқылы мыңдаған адамның денсаулық жағдайы жақсы болуына көмектесе аламыз деп ойлаймын. Бұл бағытта Қазақ аграрлық-техникалық университеті ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл - бірінші меморандум, алдағы уақытта Нұр-Сұлтан және Қарағанды қаласындағы нан-тоқаш өндірушілермен бірге меморандумға қол қою жоспарланған. Әзірге тұз мөлшері аз нан осы университет қабырғасында ғана жасалатын болса, алдағы уақытта ниет білдірген кез келген өндіріс орнымен жұмыс істеуге дайынбыз. Университет қызметкерлері студенттер мен профессорлық-оқытушылар арасында пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша жұмысты қолға алып, жүргізіп жатқаны үлгі тұтарлық іс болды", - дейді орталық директорының міндетін атқарушы Руслан Сатывалдеев. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанда тұзды тұтыну деңгейі әлем бойынша ең жоғары көрсеткішті құрайды және ДДҰ ұсынған тәуліктік мөлшерден 3 есеге дейін асып түсіп, тәулігіне 17 граммды құрайды, бұл ретте нормасы 5 граммды құрауы тиіс.

Экономикалық модельдеу деректеріне сәйкес, тұзды тұтыну мөлшерін азайту жөніндегі іс-шаралар кешені Қазақстанда жұқпалы емес аурулардың алдын алудың тиімді шарасына айналар еді. Тұзды тұтыну мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шараларға бөлінген қаражат бесжылдық кезеңге салынған ақша қаражатынан 11 есеге дейін асып түсетін тиімді экономикалық пайда береді. Ал өте қымбат тұратын клиникалық кірісулер тек 7%-ға нәтиже береді. 
WhatsApp Image 2019-07-24 at 17.42.39(1).jpeg

Фото: автордан

"Меморандумға қол қойған дұрыс. Бұл шараны біздің университет бекер жасап жатқан жоқ, себебі біздің оқу орнымызда тағаммен байланысты мамандықтар бар. Бүгінгі студент ертеңгі мамандар, сондықтан олар тағам жасау талаптары қандай болатынын білулері керек. Қазіргі кезде тағам құрамында тұз мөлшері өте көп. Меморандумға қол қою арқылы студенттерге нан-тоқаш өнімдеріне қосылатын тұз мөлшері қандай болатынын үйретеміз", - дейді Айтжан Абдыров. 

Тұз мөлшерін азайту қан қысымын және жұқпалы емес аурулармен байланысты қауіпті төмендетуге мүмкіндік береді. ДДҰ ұсыныстарына сәйкес, тұз мөлшерін азайтуды көп тұтынылатын өнім ретінде наннан бастаған тиімдірек болады.  

С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университеттің нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіру бойынша эксперименталды-өндірістік цехында ЖОО студенттері мен оқытушылары үшін құрамында тұз мөлшері аз нанды пісіріп шығаратын болады, бұл өз кезегінде жұқпалы емес аурулардың алдын алудың негізгі шарасының бірі болмақ. 

Екіжақты ынтымақтастық шеңберінде халықаралық сарапшыларды тарта отырып түрлі өнімдердегі тұзды азайту мәселелері бойынша консультациялар, семинарлар, сондай-ақ пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша түрлі бірлескен акциялар ұйымдастырылатын болады.
Өзгелердің жаңалығы