Нұр-Сұлтан Еуразиялық жаһандық хабқа айналады – Бақыт Сұлтанов

17 Мамыр 2019, 12:39
1905
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан Еуразиялық жаһандық хабқа айналады – Бақыт Сұлтанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының мақсаты – бәсекеге қабілетті және тұрақты экономикасы бар қаланы құру, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. 

Астана экономикалық форумы (АЭФ) алаңында Қазақстан астанасының әкімі Бақыт Сұлтанов соңғы жиырма жылдағы қаланың түбегейлі өзгерістері туралы баяндады. 

«Жаһандық жібек жолы – қала мэрлерінің форумы» панельдік сессиясының жұмысын аша отырып, Сұлтанов форум оған қатысушылардың жаңа білім алуына, тәжірибе алмасып, түрлі идеялар және үздік тәжірибелермен бөлісуге септігін тигізеді деген сенімін білдірді. 

«Бізге АЭФ алаңында жеке алғанда, сондай-ақ бүкіл әлемдік кеңістікте неғұрлым өзекті экономикалық және әлеуметтік маңызды мәселелерді талқылау сияқты бірегей мүмкіндік беріліп отыр. Бүгін жаһандық қалалар арасында инвестиция, туристер, кәсіпкерлер үшін қызу бәсекелестік жүріп жатыр. Бұл күресте ең қолайлы шарттарды ұсынған адам жеңеді. Бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін біз өз өңірлерімізде өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге тиіспіз. Өйткені адамдар бизнесті қауіпсіз және жайлы жерде жүргізгенді қалайды», - деді ол. 

Нұр-Сұлтан Еуразиялық жаһандық хабқа айналады – Бақыт Сұлтанов

Әкімнің мәліметтері бойынша, қалада республиканың жалпы ішкі өнімінің 11%-дан астамы өндіріледі, елдің негізгі капиталына салынған инвестициялардың 10%-ы қалыптасады. Жылдар бойы қаланың жалпы өңірлік өнімі нақты түрде 6 есеге өсіп, шамамен 17 млрд долларға жетті. 

«Елорда экономикасына шамамен 9 триллион теңге инвестиция салынды. Инвестициялардың жыл сайынғы көлемі 55 есеге артты, ал бұл 3 миллиард доллардан асып түседі. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан өзін-өзі қамтамасыз ететін экономикаға ие: ЖӨӨ-нің 55%-ы бизнес секторының есебінен қалыптасады. Әрбір үшінші елорда тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысады, тиісінше, салықтық түсімдердің жартысынан көбі (53%) мемлекеттік бюджетке түседі», - деді Нұр-Сұлтан әкімі. 

Сұлтанов қала басшылығы аймақтық ықпалдастық үшін жемісті іскерлік ынтымақтастыққа әрдайым дайын екендігін атап өтті. 

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанның 32 мемлекет пен 29 астана бойынша 47 туыстық серіктестері бар. Олардың әрқайсысымен екіжақты және көпжақты қатынастар аясында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға тырысамыз», - деді ол. 

Сонымен қатар, Шығыс пен Батыстың арасындағы экономикалық көпір болып табылатын Ұлы Жібек жолын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыра отырып, сауда немесе көлік қызметінен өзге, кең ауқымды гуманитарлық және мәдени миссияны жүзеге асыруда. 

«Биыл біз Нұр-Сұлтанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеп жатырмыз, ол елордамыздың қарқынды өсуіне, қалалық жерлерді біркелкі дамытуға және бүкіл әлемнің таланттарын тартуға байланысты ұзақ мерзімді міндеттерді есепке алады. Стратегияның мақсаты – бүкіл әлемде бәсекеге қабілетті және тұрақты экономикаға деген тартымдылығы бар жаһандық қаланы құру. Ақыр соңында ол Еуразиялық жаһандық хабқа, ең алдымен, саяси бірлікке айналады», - деді қала әкімі.

Өзгелердің жаңалығы