«Нұр Отанның» жанынан балалар құқығын қорғау Кеңесі құрылды

7 Ақпан 2019, 20:09
3068
Бөлісу:
«Нұр Отанның» жанынан балалар құқығын қорғау Кеңесі құрылды

Астана, BAQ.KZ. «Нұр Отан» партиясының жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылды.

Осылайша, партия көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақтың құқықтары мен заңдық мүдделерін қорғауды одан әрі жандандыруды қолға алмақ. Бүгін Кеңестің алғашқы жұмыс отырысы өтіп, онда алдағы мақсаттар мен міндеттер нақтыланды.

Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары бұл іс Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынғанын айтты.

«Кеңес Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылып отыр. Жалпы бұл мәселе біраздан бері көтеріліп, осыған дейін дайындық жұмыстары жүргізіліп келгенін атап өткен жөн. Басты мақсат – балалардың құқығы мен мүддесін жан-жақты қорғап, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Осы бағытта Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл іске жетекші саяси күш ретінде партияның барлық әлеуеті, яғни Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциялары, аймақтық және аумақтық партия филиалдары жұмылдырылады. Әр филиалда жауапты адам бекітіліп, Кеңес жұмысының жүйелі түрде жүргізілуін қамтамасыз етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Кеңестің қызмет аясын кеңейту мәселесіне де назар аударды.

«Балалар құқығын қорғаумен бірге Кеңес қызметінің аясын кеңейтіп, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету, жұмыс істейтін көп балалы аналарға лайықты жағдай жасау сияқты өзекті мәселелерді де қамтудың маңызы зор. Осы бағытта да тиімді ұсыныстар даярлауымыз керек», – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Өз кезегінде аталған Кеңес төрағасының орынбасары, «Балалар құқығын қорғау» қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Закиева қазіргі таңда балалар құқығын қорғау жұмыстары көбіне салдармен күрес сипатында жүргізіліп келе жатқанын айтты.

«Біз көбіне келеңсіздіктердің салдарымен күресіп келеміз. Сондықтан Кеңестің жұмысында ең алдымен алдын алу шараларына басымдық беріп, алдымызға осы бағытта кешенді іс жүргізуді басты міндет етіп қойып отырмыз. Осы ретте жаңадан құрылып отырған Кеңестің нақты жұмыс істейтін орган болатынын ерекше атап өткім келеді. Кеңес еліміздің барлық өңіріндегі «Нұр Отан» партиясының филиалдары жанынан өз жұмысын бастап, әр баланың қауіпсіздігі мен жайлы өмірін қамтамасыз етуге үлес қосады», – дейді Динара Закиева.

Жаңа консультативтік-кеңесші орган құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, салалық сарапшылар және қоғам қайраткерлері мүше болды. Кеңес мүшелерінің шешімімен оның төрағалығына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сайланды.

Жиын барысында «Taiburyl» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов, «Әр бала отбасымен бірге болуы керек» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Шолпан Байболова, «Best for Kids» қоғамдық қорының вице-президенті Эмин Аскеров, ЮНИСЕФ-тің балалар құқығын қорғау жөніндегі бағдарламасының үйлестірушісі Татьяна Адерхина және басқа да жиынға қатысушылар сөз алып, балалар құқығын қорғау мәселесіне қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің жарқын болашағы үшін бұл істің маңызы зор екенін айтып, барлық мүдделі тараптарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

«Алдымен Кеңестің ережесінде көрсетілген нақты мақсаттар мен міндеттерді және бүгінгі отырыста айтылған ұсыныстарды ескеріп, жұмыс жоспарының жобасын бекітіп алуымыз керек. Сонымен бірге қазірдің өзінде көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді азаматтар Кеңеспен бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық танытуда. Сондықтан барлық мүдделі тараппен бірлескен жұмыстың тиімді тетіктерін қарастыруымыз қажет. Кейбір жобаларымызды жергілікті жерлерде жүзеге асырудың да ұтымды жолдарын пысықтап алған жөн. Сондықтан Кеңес мүшелері бүгін талқыланған мәселелерді жан-жақты зерделеп, сол бойынша өз ұсыныстарын жолдауы тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осылайша «Нұр Отан» партиясы еліміздегі балалар құқығын қорғау мәселесін түбегейлі қайта қарап, осы бағыттағы заңнамаларды талдап, жас буынның заңдық мүдделерінің бұзылмауын қамтамасыз етуге ден қойып отыр.

Өзгелердің жаңалығы