Мырзағалиев Мемлекетаралық экологиялық кеңестің төрағасы болып сайланды

3 Қыркүйек 2021, 18:51
10340
Бөлісу:
Мырзағалиев Мемлекетаралық экологиялық кеңестің төрағасы болып сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мағзұм Мырзағалиев ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің төрағасы болып сайланды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылғы 3 қыркүйекте онлайн форматта ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің VII отырысы өтті.

Қатысушылар кеңестің жаңа төрағасын сайлады, ол ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев болды.

Отырысқа ТМД Мемлекетаралық экологиялық кеңесіне мүше мемлекеттер қатысты. Олар: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы. Сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі Хатшылығының өкілдері, ТМД Электр энергетикалық Кеңесінің Атқарушы комитеті және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.

Отырыс барысында қатысушы елдер қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, полимерлік қаптаманы пайдаланудан экологиялық қауіпсіз қаптаманы пайдалануға кезең-кезеңімен көшу, парниктік газдар шығарындыларын сату жүйесі, ТМД аумағында қоршаған ортаны қорғау саласындағы Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру және балық шаруашылығын дамыту саласында тәжірибе алмасты, - делінген хабарламада.

Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын саудалау жүйесінің тәжірибесімен бөлісті. ҚР жаңа экологиялық кодексінің шеңберінде Париж келісімі міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласы жетілдірілді. Осылайша 2021 жылдан бастап көміртегі бюджеті жыл сайын 1990 жылғы көміртегі бюджетінің деңгейінен 1,5%-ға қысқаратын болады.

Сондай-ақ қазақстандық тарап қоршаған ортаны қорғау саласындағы Тұрақты даму мақсаттарын енгізу тәжірибесімен алмасу нәтижелері және балық шаруашылығын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы хабарлады. 

Айта кетсек, Қазақстанның ауқымды балық шаруашылығы қоры бар. Сала мамандары мен сарапшылардың бағалауы бойынша балық шаруашылығындағы өндіріс әлеуеті жылына 600 мың тонна балыққа дейін бағаланады. 

Кеңес барысында мүше мемлекеттер қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Отырыс қорытындысы бойынша 2022-2023 жылдарға арналған ТМД -ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің жұмыс жоспары бекітілді, отырыстың хаттамасына қол қойылды.


Өзгелердің жаңалығы