Мьянма жағалауында 500-ден астам жолаушысы бар екі кеме жоғалып кетті

Мамандардың айтуынша, адамдар теңізге жүзуге қолайсыз маусымда жолға шыққан. Өңірдегі нөсер жауын мен су тасқыны жағдайды одан әрі қиындатқан.

 УВКБ ООН/А. Джуфриан 17 Шілде 2026, 08:44
17 Шілде 2026, 08:44
113
Фото: УВКБ ООН/А. Джуфриан

БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасы (UNHCR) мен Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) Мьянма жағалауында 500-ден астам адам мінген екі кеменің жоғалып кеткені туралы хабарларға алаңдаушылық білдірді.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі кеме де маусым айының соңында Мьянманың Ракхайн штатынан жолға шыққан. Жолаушылардың басым бөлігі – рохинджа халқының өкілдері, олардың арасында Бангладештің Кокс-Базар босқындар лагерінен шыққандар да болған.

Алғашқы кемеде шамамен 250 адам болған, онымен байланыс теңізге шыққаннан кейін көп ұзамай үзілген. Ал 280-ге жуық адам мінген екінші кеме 8 шілдеде Мьянманың Айеявади өңірі жағалауында суға батуы мүмкін деген болжам бар.

Әзірге кемелердің апатқа ұшырағаны мен қаза тапқандар саны ресми түрде расталған жоқ. Соған қарамастан, БҰҰ ұйымдары адам шығынының көп болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Мамандардың айтуынша, адамдар теңізге жүзуге қолайсыз маусымда жолға шыққан. Өңірдегі нөсер жауын мен су тасқыны жағдайды одан әрі қиындатқан.

БҰҰ бұл оқиға Мьянмадағы ұзаққа созылған қақтығыс, босқындардың ауыр жағдайы және заңсыз адам тасымалдаушылардың әрекеті салдарынан адамдардың өміріне төнетін қауіптің әлі де жоғары екенін көрсететінін атап өтті.

Ұйымдар халықаралық қауымдастықты теңіздегі іздестіру-құтқару жұмыстарын күшейтуге, босқындарды қорғауға және адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы күресті жандандыруға шақырды.

 
Наверх