«Мың бала». Ұлттық олимпиада жеңімпаздары тізіміне кімдер ілінді?

3 Қыркүйек 2020, 19:04
7874
Бөлісу:
«Мың бала». Ұлттық олимпиада жеңімпаздары тізіміне кімдер ілінді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Елбасы академиясы елдегі заманауи білім беру ресурстарына қол жеткізетін 1000 жеңімпаздың тізімін жариялады. 

Грант иелерінің тізімімен Нұрсұлтан Назарбаев қорының www.fnn.kz сайтынан танысуға болады.

Жоба Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Ел үміті» дарынды жастарды анықтау және қолдау жөніндегі Елбасы бастамасының аясында жүзеге асырылуда. 

Олимпиада екі кезеңде өтті. 
  

Алғашқы кезең биыл ақпанда сырттай ұйымдастырылған болатын. Ол еліміздің ауыл мектептерінің 5 және 6 сыныптағы 295 мың оқушыны қамтыды. 1685 ауыл мектебінен барлығы 5002 оқушы іріктелді. Олимпиаданың екінші кезеңі 2020 жылдың 21-22 тамыз күндері қатаң карантин талаптарына сай 19 Назарбаев Зияткерлік мектебі негізінде және аудан орталықтарындағы 34 пунктте өтті, - деп жазды ұйымдастырушылар. 

Олимпиада қорытындысы бойынша 1000 жеңімпаз іріктелді. Оның 30-ы Республикалық физико-математикалық мектептің Алматыдағы филиалына бірден қабылданды. 6-сыныпты аяқтаған жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің квоталарына сәйкес оқуын «Білім-инновация» лицейлері мен «Дарын» мектептерінде жалғастыруға мүмкіндік алады.
 

Елбасы Академиясының қашықтықтан оқыту мектебінде Жобалық қызмет те қарастырылған. Сабақтар 2 тілде (қазақ және орыс) өтеді.  Кері байланыс портал арқылы ұйымдастырылады. Бейне және аудио конференциялар өтеді. Телеграмм және whatsapp чаттары да көмекке келеді. 5 сынып аяқтаған жеңімпаздар  «Елбасы» академиясының қашықтықтан оқыту мектебінде олимпиададан кейінгі тегін сүйемелдеуге ие болады.  Онда әр оқушыға тьютор бекітіліп, жеке даму жоспары құрылады. Балаларға еліміздің үздік мектептерінің жетекші ұстаздары білім береді. Бір жылдың ішінде қатысушылар дарынды балаларға арналған мектептердің 7 сыныбына түсу үшін білімдерін шыңдай алады, - делінген «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры таратқан ақпаратта. 

Олимпиаданың екінші кезеңінің 5 мың қатысушысы Елбасы академиясының қашықтықтан оқыту мектебінің білім ресурстарына тегін кіріп өз бетінше білімін шындай алады. Олар үшін қосымша сабақтар ұйымдастырылады және мұғалімдер кеңес беріп отырады.



 

Өзгелердің жаңалығы