Мұзда қалған балықшыларды құтқарған полицей марапатталды

11 Ақпан 2021, 00:20
1418
Бөлісу:
Мұзда қалған балықшыларды құтқарған полицей марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қапшағай көлінде мұздың үстіндегі балықшыларды құтқарған полицей «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен наградталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылдың қаңтар айының соңында Талғар ауданы ПБ табиғатты қорғау тобының инспекторы Дастан Берікбаев Қапшағай көлінде арнайы рейд жүргізу барысында балықшыларды құтқарып қалды. Көл бетіндегі мұз бөлініп, желдің күшімен оларды жеті шақырым қашықтыққа алып кеткен.

«Браконьер» алдын алу шарасы барысында аумақты аралап келе жатқанда дүрбінің көмегімен көл ортасында көмек сұрап тұрған адамдар тобын көрдім. Жергілікті тұрғынның қайығын уақытша сұрап алып, көмек көрсетуге келдім. Мұз үстінде бес адам, оның ішінде екі әйел адам бар екен. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, оларды кезекпен жағаға әкелдім. Одан әрі оларды көліктеріне жеткізіп, аман-есен жолға салдым, – деді Дастан Берікбаев.

Қапшағай көліне балық аулауға келгендер Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Табиғи құбылысты есепке алмаған балықшылар шатыр ішінде балық аулап отырғанда мұздың жарылып, жағадан қашықтап кеткенін байқамағанын айтқан.

Мен өз әрекетімді ерлікке санамаймын. Бұл – менің азаматтық міндетім. Кез келген тәртіп сақшысы осылай жасар еді. Дегенмен, еңбегімді жоғары бағалаған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығына алғысым шексіз. Қазақстан Республикасына қызмет етемін! – деп толықтырды Дастан Берікбаев.
Бүгін Алматы облысындағы Төтенше жағдайлар басқармасының басшылығы ерлігімен ерекшеленген офицерге алғыстарын айтып, омырауына медаль тақты.
Өзгелердің жаңалығы