Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және инновациялар салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі ниет туралы өтінішке қол қойды.
БҰҰДБ-ға Қазақстанның цифрлық саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамын. Бірлескен күш-жігерімізбен электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруға, қазақстандықтардың барлық жерде Интернетке қол жеткізуіне және оның нәтижесінде мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясын жеделдетуге қол жеткіземіз. Атқарылған істердің нәтижесі қазірдің өзінде байқалуда. Алайда, алда әлі көп жұмыстар бар, – деп түсіндірді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
БҰҰДБ цифрландыру саласындағы жетекші халықаралық сарапшыларды тартуға қолдау көрсетеді, сондай-ақ Реинжиниринг және цифрлық трансформация орталығына 200 мың АҚШ доллары мөлшерінде гранттық қаржыландыру бөледі.
Ынтымақтастық дамудың ұлттық басымдықтарына және орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жаһандық күн тәртібіне сәйкес Қазақстандағы цифрлық трансформацияны жеделдетеді деп болжауда. Атап айтқанда, тараптар азаматтар мен бизнес өкілдерінің цифрлық мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жақсарту, әлеуметтік қорғау саласында цифрлық шешімдерді енгізу, шалғай ауылдарда сапалы интернетпен қамтамасыз етуге инвесторлар үшін бизнес-пакеттер әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясын жеделдету мақсатында орталық мемлекеттік органдардың IT-департаменттері қызметкерлерін оқыту бойынша жұмыс істейтін болады.
Басқаруды, әлеуметтік қорғауды және жасыл экономиканы жақсарту үшін цифрлық трансформацияны қолдау - бұл БҰҰДБ-ның іс-қимыл бағдарламасының елдерге тұрақты даму мақсаттарына жету жолында қалпына келтіруге ықпал ететін маңызды бағыты, - деді Якуп Бериш, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі.
Covid-19 пандемиясына жауап ретінде Қазақстанда БҰҰДБ қолдауымен орталық және жергілікті атқарушы органдардың 1000 мемлекеттік қызметшісі қашықтықтан жұмыс режимі жағдайында қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында негізгі цифрлық және коммуникациялық дағдыларды дамыту бойынша оқытудан өтті.