Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ауылдық елдімекендерді байланыс және сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, IT-қоғамдастық өкілдері және еліміздегі ірі телекоммуникациялық компаниялардың басшылары қатысты.
Бүгінгі таңда сапалы интернет – халықтың негізгі қажеттілігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында барлық қалалар мен аудан орталықтарында кеңжолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігі ерекше атап өтілді. Президент елдің шалғай ауылдарын интернетпен қамтамасыз ету жөнінде ауқымды міндеттер қойды. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы 315 ауылдың 213-інде интернет қолжетімді. Биыл 25 елдімекенді интернетке қосу жоспарлануда. Ауылдан халықтың, бірінші кезекте жастардың кетуін тоқтату үшін біз елдімекендерді барлық қажетті инфрақұрылыммен, оның ішінде сапалы интернетпен қамтамасыз етуге тиіспіз, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Өңір басшысы атап өткендей, облыста 100 тұрғыны бар 46 елдімекенді операторлардың лицензиялық міндеттемелеріне қосу керек. Сол 46 ауылдың төртеуінде Миялы, Дияр, Оймауыт және Жайсаңбайды мобильді кеңжолақты интернет желісіне қосуды қамтамасыз ету қажет.
Талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу талап етілмейтін өңірдің 42 елдімекені операторларға осы жылдың өзінде-ақ мәселені өзара бөліп, жабуды ұсынамын. Облыс антенна-діңгек құрылыстарын салуды өз мойнына алатынын ескеру қажет, яғни бұл жалпы шығындардың 50 пайызынан астамын құрайды. Осы ретте облыс басшылығына алғыс айтқым келеді, өйткені әрбір өңір мұндай міндеттемені өз мойнына ала бермейді. 25 елдімекенді мобильді кең жолақты интернетпен қамту ағымдағы жылға жоспарланған, егер тағы 42 ауылды қосымша қамтысақ, жыл соңына дейін облыстың 67 ауылы сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі, - деді Бағдат Мусин еліміздің телекоммуникациялық компанияларының басшыларына тапсырма бере отырып.
Министр сондай-ақ жобаларды іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Ол Ақтөбе облысының әкімдігіне ауылдарда жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізілсе, цифрлық жобалар іске асырылуы мүмкін екендігіне нақты мысал келтіргеніне ризашылығын білдірді.
Бұл жобалар елдің экономикасы мен әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін маңызға ие, олар тиімділігін көрсетіп, нәтижесін береді. Бұл – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жергілікті жерде орындалуы. «БІЛІМ ALL» және «Денсаулықтың диагностикалық жүйесі» жобаларын, сондай-ақ балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың «Darabala.kz» өңірлік платформасын республикалық деңгейде жүзеге асыру қажет, - деді Бағдат Мусин.
Жиын барысында бірқатар өзекті мәселелер талқыланды, оның ішінде Ақтөбе қаласында ұялы байланыс және мобильді интернет сапасын арттыру және білікті кадрлардың өзге өңірлерге көшуі мәселесі.
Айта кету керек, бүгінде облыста 2 өңірлік университет және 4 колледж бар, олар жыл сайын «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша 800-ден астам маман дайындайды. Тиісті инфрақұрылым мен қажетті жағдай жасалмағандықтан, жас мамандардың өзге өңірлерге көшуі немесе басқа мамандыққа қайта даярлануы үрдісі байқалады. Сондықтан, әлеуетті арттыру үшін Ақтөбе облысында өңірлік ІТ хаб ашу жоспарлануда. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары қарқынды.
Цифрлық даму министрі аталған жобаны іске асыруда министрлік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетініне сендірді.