«Мұнайдың бағасы ойнамалы болып тұр»

10 Сәуір 2025, 17:14
1822
Бөлісу:

Президент ғылым күні қарсаңында еліміздің ғалымдарымен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Осы жиында Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық ахуалға, соның ішінде «сауда соғысына» тоқталды.

Өздеріңіз білесіздер, АҚШ президенті бірталай мемлекеттен келетін тауарларға салынатын тарифтің көлемін арттырғаны мәлім. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шүкір, біздің тарифке ілінген экспортымыздың үлесі тым төмен екен. Сондықтан оның әсерін қатты байқай қомаймыз. Мысалы, біз мұхит асыратын тауарлардың 92 пайызы тарифке ілінбеген. Ал баж салығы салынатын өнімдердің АҚШ-қа экспорттағы үлесі 4,5 пайызды ғана құрайды.

Дегенмен Трамптың тариф саясаты өнідірс пен жеткізу тізбегін бұзып, нарықты құлдыратып, шикізат құнын күрт өзгертіп жіберді. Иә, Ақ үй басшысы тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жариялады. Бірақ бұдан жағдайдың тұрақталып кеткені шамалы. Кез келген сәтте экономикалық ахуал ушығып кетуі мүмкін. Әсіресе, мұнайдың бағасы ойнамалы болып тұр.

Естеріңізде болса, Трамптың алғашқы президенттігі кезінде мұнайдың бағасы мүлдем құлдырап, су тегін болған еді. Ондай күннен бетін аулақ қылсын. Қазақ елі қара алтынға қарап отырған мемлекет қой. Бізге мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының тұрақты болғаны керек.

«Көбелек эффектісі» деген термин бар. Жер шарының мына бетіндегі көбелектің қаққан қанаты әлемнің арғы түкпірінде дауыл туғызады дейді. АҚШ-тың салған тарифі Қазақстанға тікелей әсер етпесе де, «сауда соғысының» салқыны тиетіні айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі жиында Тоқаев соған қарамастан дамудың даңғыл жолын жалғастыра беретінімізге уәде беріп отыр. Қазір негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен орындалды деуге болады. Инвестиция үшін күрестің үдегенін мойындап, елімізге сырттан келетін қаржы ағынын тоқтатпау қажет екенін алға тартты. Сондықтан Қазақ елі кез клеген сын-қатерге дайын болуға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы