Қазақстанда мұнай-газ саласын цифрландыруды қаржыландырудың жаңа тетігі іске қосылды. Енді жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутек өндіруге жұмсалатын шығынның 1 пайызы көлеміндегі міндетті аударымдарын ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, цифрлық шешімдерді енгізуге де бағыттай алады.
Қазақстанның IT қауымдастығы (КАИТИ) президенті Ирина Сулименконың айтуынша, бұл отандық IT-компанияларға өз өнімдерін ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында сынақтан өткізіп, тиімділігін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе қазақстандық әзірлемелердің халықаралық нарыққа шығуына да жол ашады.
Мұнай-газ саласында өндірісті автоматтандыру, жабдықтардың істен шығуын алдын ала болжау, өндірістік шығындарды азайту, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен ресурстарды басқару бағыттарында цифрлық шешімдерге сұраныс бар. Сонымен қатар кен орындарының цифрлық егіздерін жасау және өндірістік деректерді талдауда жасанды интеллектіні қолдану да маңызды. Жаңа тетік жер қойнауын пайдаланушыларға қосымша қаржылық жүктеме түсірмейді. Компаниялар бұрыннан қарастырылған міндетті аударымдардың қандай бөлігін ғылыми зерттеулерге, ал қай бөлігін цифрландыруға бағыттайтынын өздері анықтайды, - деп айтты сарапшы.
Ирина Сулименко мұндай тәжірибе Бразилия мен Норвегияда да бар екенін атап өтті. Бұл елдерде мұнай-газ компанияларының ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелерді қолдауы ұлттық технологиялық индустрияның дамуына ықпал етіп келеді.
Сарапшының пікірінше, жаңа механизмнің тиімділігін тек бөлінген қаражат немесе іске қосылған жобалар санымен бағалауға болмайды. Ең бастысы – енгізілген технологиялардың кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруы, шығындарын азайтуы және отандық IT-өнімдердің кеңінен қолданылуына мүмкіндік беруі.
Сондай-ақ алдағы уақытта осындай тәсілді жер қойнауын пайдаланудың басқа бағыттарына да тарату жоспарланып отыр.