Мұнай-газ саласындағы жалақы елдегі орташа көрсеткіштен екі есе көп – депутат

16 Ақпан 2022, 16:09
2031
Бөлісу:
Мұнай-газ саласындағы жалақы елдегі орташа көрсеткіштен екі есе көп – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаттары еңбек дауының себебі мен еңбек заңнамасын өзгерту туралы айтып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолады.

Барлығымыз елімізде еңбек наразылығы күшейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Өкінішке қарай, мәселе атүсті шешіліп жатыр. Уәкілетті мемлекеттік органдар нақты әрі жүйелі шешім қабылдай алмай отыр, - дейді депутат Айқын Қоңыров.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы еңбек дауының ошағы қаржы жағынан ең қолайлы сала – мұнай-газ саласы болып отырғанын атап көрсеткенді жөн санайды. Ресми статистикаға сенсек, бұл сала жалақы мөлшері бойынша көшбасшы. Мұндағы жалақы елдегі орташа көрсеткіштен 2 есе көп.

Әлемдік нарықта мұнай бағасы соңғы 7 жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, барреліне 95 доллардан асты. Былтыр мұнай экспорты шамамен 68 млн тоннаға жетті. Осыған қарамастан Қазақстанның мұнай өндіруші және мұнай сервистік кәсіпорындарының қызметкерлері еңбекақының төмен көрсеткішіне шағымданып, оны өсіру туралы талап қойды. Бұл жерде мәселе жалдамалы жұмысшыларға жалақы төлеу үшін қаражаттың болмауынан емес, табыстың тең бөлінбеуінен туындап отырғаны анық, - дейді Айқын Қоңыров.

Айтуынша, соңғы жылдары мемлекет мұнай экспорттаушылардың мүддесін қолдады. Үстеме пайда жалақы қорын ұлғайтуға, жаңа өндірісті инвестициялауға және сапалы жұмыс орындарын құруға бағытталмады.

Керісінше, бірнеше жыл бойы еңбек шығынын азайтуға қатысты нәтижесіз тәжірибе жүргізілді. Аутсорсинг пен аутстаффинг арқылы негізгі өндірістік процестен және штаттан мүмкін болған барлық бөлімшелер алынып тасталды. Бұл бизнес иелеріне экономикалық нәтиже берді. Бірақ жалдамалы жұмысшылардың, тұтас экономикалық жүйенің шығыны бірнеше есе артты. Қазір қызметкерлер штатқа оралуды, негізгі және қосалқы кәсіпорындардың еңбек жағдайын теңестіруді талап етіп жатыр, - деп атап өтті Айқын Қоңыров.

Мәжіліс депутаты айтқандай, бұл жағдай тек мұнай саласына ғана қатысты емес. Елдегі жалдамалы жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың көпшілігі өздерін өсіп келе жатқан экономикадан тыс, аутсорсингте сезінеді. Ол формалды түрде өсіп, гүлденіп келеді. Ал қазақстандықтардың нақты табысы қысқарып жатыр.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы бұл кезеңде бөлісу туралы үндеу көмектеспейді деп санайды. Депутаттар шектеуді белгілейтін заңнамалық тетік қажет деп есептейді.

Біріншіден, кәсіпорын ішіндегі еңбекақыны төлеудегі алшақтыққа, екіншіден, иелеріне дивидендт төлеу мен қызметкерлерге еңбекақы төлеу қорын арттыру арасындағы алшақтыққа, сондай-ақаутсорсингке, аутстаффингке сонымен қатар жалдамалы қызметкерлерді еңбек және әлеуметтік кепілдіктен шығарудың өзге де нысандарына мораторий енгізу қажет, - дейді Қоңыров өз сауалында.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы таяу болашақта еңбек тәуекелі Қазақстан үшін өзекті болады деп болжайды. Осыған байланысты вице-премьер дәрежесіндегі министр басқаратын мықты Еңбек және жұмыспен қамту министрлігін құру қажет деп санаймыз. Сапалы жұмыс орындарын құру, кедейшілікпен күрес және әлеуметтік әріптестіктің жаңа жүйесін қайтадан құру мекеменің негізгі міндетіне айналуға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы