Мұнай-газ саласы үшін 11 жаңа кәсіп карточкасы әзірленеді

2026 жылға арналған кәсіби стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жоспарына сәйкес 8 кәсіби стандартты жаңарту, 11 жаңа карточка әзірлеу және қолданыстағы 2 кәсіп карточкасын жаңарту көзделген.

 Энергетика министрлігі Бүгiн 2026, 01:24
Бүгiн 2026, 01:24
178
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, салалық біліктілік шеңберін өзектендіру және мұнай-газ саласындағы кәсіби стандарттарды жетілдіру мәселелеріне арналған "Мұнай мен газды тасымалдау және сақтау" бағыты бойынша Жұмыс тобының отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Ләззат Ахмурзинаның төрағалығымен өткен мұнай-газ, мұнай-химия және мұнай өңдеу салалары бойынша Салалық кәсіби біліктілік кеңесінің отырысына ҚР Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Елтай Әлиев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, салалық компаниялардың, қауымдастықтардың, жоғары оқу орындарының, ТжКБ ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында салалық біліктілік шеңберін өзектендіру, кәсіби стандарттарды білім беру жүйесімен және еңбек нарығының сұранысымен үйлестіру, сондай-ақ салаға қажетті кадрларды даярлау мәселелері қаралды.

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып әзірленген кәсіби стандарттар конструкторы мен Career Enbek цифрлық платформасын таныстырды. Ал талдамалы орталық жаңартылған салалық біліктілік шеңберін ұсынды.

2026 жылға арналған кәсіби стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жоспарына сәйкес 8 кәсіби стандартты жаңарту, 11 жаңа карточка әзірлеу және қолданыстағы 2 кәсіп карточкасын жаңарту көзделген. Барлық карточканың мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленіп, Career Enbek платформасына орналастырылғаны атап өтілді.

Сонымен қатар NCOC N.V. компаниясының жоспарға қосымша 15 кәсіп карточкасын енгізу жөніндегі ұсыныстары қаралып, талқыланды.

Энергетика министрлігі салалық біліктілік жүйесін дамыту Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Наверх