Мұнай бағасы өсті. АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келіссөздер күтiлуде. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде АҚШ пен Иран арасында ықтимал келіссөздер өтеді деген үмітпен мұнай бағасы соңғы бес сауда сессиясында алғаш рет қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Астана уақыты бойынша 22 қыркүйек күні сағат 11:17-де Brent маркалы қара алтынның қараша айындағы фьючерстері 1,7%-ға қымбаттап, баррелі 102,06 долларға жетті. WTI маркалы мұнайдың қазан айындағы келісімшарты да осыншама өсіп, 97,4 долларды құрады. Ал анағұрлым белсенді саудаланатын WTI маркалы мұнайдың қараша айындағы келісімшарты 1,4%-ға қымбаттап, 93,65 доллар болды.
АҚШ Президенті Дональд Трамп БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу үшін Нью-Йоркке келуі тиіс Иран басшысы Масуд Пезешкианмен кездесу мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұған дейін Вашингтон мен Тегеран бір-біріне қауіп-қатер төндіріп, мәлімдемелер алмасып еді. Иран делдалдар арқылы келіссөздерге қайта оралу шарттарын жеткізді.
«WTI маркалы мұнайдың өсуі және Brent саудасының сенімді басталуы іргелі бетбұрыстан гөрі соңғы құлдыраудан кейінгі қалыпты серпіліске көбірек ұқсайды», – деп түсіндірді KCM Trade компаниясының бас сарапшысы Тим Уотерер.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізу соңғы алты айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Демалыс күндері Saudi Aramco компаниясы жеті супертанкерге шамамен 14 миллион баррель мұнай тиеді.
Сондай-ақ, Ливияда қарулы топ Шарара – Завия мұнай құбырының клапандарының бірін жауып тастады. Соның салдарынан кен орны тәулігіне шамамен 200 мың баррельге мұнай өндіру көлемін қысқартып, 100-105 мың баррельге түсірді.