Мультимодал: Әзірге қымбат, бірақ басқа жол жоқ

23 Маусым 2022, 18:23
2773
Бөлісу:
Мультимодал: Әзірге қымбат, бірақ басқа жол жоқ

Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сауда-саттықта «тар жол, тайғақ кешетін» күндер алда. Оған қазірден бастап дайынбыз ба?

Биылғы 1-тоқсанда Қазақстанның жалпы сауда айналымы 28,7 миллиард долларға жетті. Оның 19,1 миллиард доллары - экспорт, ал 9,6 миллиард доллары - импорт болды. Осыған қарап, биылдыққа сауда сальдосының жағымды екенін айтуға болады. Бірақ оның мұнай баррелінің қымбаттауынан орын алғанын түсінуіміз керек. Осыған қарап, біздің сауда балансы, сыртқы биржадағы фьючерстер бағасына, трейдерлер жұмысына қатты тәуелді екенін анғаруға болады.

«QazTrade» АҚ деректері

Мультимодал: Әзірге қымбат, бірақ басқа жол жоқ

19,1 миллиард доллар экспорттың 13,7 миллиарды мұнайға тиесілі болды. Ал кәдімгі өңделіп, экспортталған тауар сомасы 5,4 миллиард долларға жетті. Демек, барымыз да, бағымыз да шикізат болып отыр. Бірақ шикізаттық емес тауарларымыздың сыртқа саудасы былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 35 пайызға артқан. 

Енді біздің алдымызда басқа проблема тұр. Біз үшін Ресейдің транзиттік мүмкіндігі қысқарып барады. Сауда геосаяси ойындардың құрбаны болып, талай жылдан бері біз күш салып, дамытып келген тасымал тізбектері бір сәтте үзілді. Ресейден Еуропаға шығу күн санап қиындап барады. Оның үстіне, «солтүстік көршінің» қит етсе ренжіп қалып, бізге түрлі кедергілер ойлап табатын мінез шығарып алғаны да жасырын емес.

Мультимодал деген не?

Соңғы кездері сіздер жүк тасу тақырыбында «мультимодалды» деген сөзді жиі естіп жүрсіздер. Ол бір жүктің, көбінесе контейнердің екі немесе одан да көп транспорт түрімен тасымалданатынын білдіреді. Көбіне теміржол/кеме жұбы қолданылады. Ол дегеніміз, мысалы, теміржолмен контейнерді портқа дейін жеткізіп, портта кемеге тиеп ақырғы нүктесіне дейін жеткізу. Қазір еліміз Ресейді айналып өтетін, яғни Ресей жерін баспайтын жүк тасымалы бағыттарын дамытуға аса зәру болып отыр. Бізде теңіз жоқ болғандықтан, ол маршруттарды мультимодалды жүйесіз қалыптастыру мүмкін емес.

Оңтүстік коридор: Иран және Түркіменстанмен дос болуымыз керек

Осыдан төрт күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға барды. Оның ең басты мақсаты – Түркіменстан-Иран-Түркия транзиттік бағытын өзімізге пайдалану еді. Нақты келісімнің символы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси Қазақстаннан Иран арқылы Түркияға баратын алғашқы контейнерлік пойызды жөнелту рәсіміне онлайн форматта қатысты. Павлодардан шыққан жүк пойызы Түрікменстан аумағы арқылы өтіп, бірнеше күннен кейін Тегеранға, одан әрі Түркияға кетті. Сонда пойыз 12 күнде 6 336 шақырым жолды басып өткен. 

Енді бізге осы маршрутты барынша дамытып, сол арқылы Еуропаға шығатын дәліз тауып алсақ, онда бізге контейнерлік тасылымдарда Ресей гегемон бола алмайды. 

Бізге Иран, Түркіменстан, Әзірбайжан сынды тереземіз тең елдермен жақсы қарым-қатынаста болып, 2000 жылдардың басынан бері балама транзитті дамыта беру керек еді. Оның орнына, біз бар күшімізді Еуразиялық экономикалық одаққа салып, тіпті тығыз сауда жасап келген Қытайды да екінші планға ығыстырып жібердік. Енді соның зардабын тартып отырмыз.

Мұнай біздің басты экспорттық тауар екенін айттым. Каспий құбыр консорциумына толық балама болмаса да, Иранның тура сол қуаттың кем дегенде жартысын өзіне тартуға барлық потенциалы бар. Ол үшін Иранмен своптық (мұнай алмасу) операциялар бойынша келісімге қол жеткізуге болады. Ол біз үшін таңсық емес – 2010-2011 жылдары своп операциялары арқылы, Иранның жерін пайдаланып мұнай сатқанбыз. Ақтау портынан Иранның Нека портына жеткізілетін Қашаған мұнайы Иран мұнай өңдеу зауыттарында өңделсе, тиісінше Иран дәл сондай мұнайды біздің сатып алушымызға Парсы шығанағында тиеп береді. Своп деген осы.

Жасырын емес, бұған дейін Ресей ешқандай санкцияға ілікпей тұрғанда соның аумағынан Еуропаға тауар мен шикізат жеткізу біз үшін өте тиімді болып келді. Себебі логистикасы жылдар бойы ұшталып, жақсы жолға қойылған болатын. Біз Ресейдің темір жолдарын да, порттарын да жақсы пайдаландық. Экспорттық келісім-шарттарымыздың барлығы Ресейдің геосаяси мүддесін ескеріп жасалды. 

Сол себепті Транскаспий дәлізіне біз тым кеш келдік. Көптеген құбырлардағы мұнайға арналған орындар, кемелердегі контейнерлер – оның бәрі бізді күтіп тұрмайтындығы түсінікті. Енді ойын ережесін қайта жазуға тура келеді. Сыртқы саудада бүгінге дейін Ресейдің көңіліне қарап келгеніміздің зардабын әлі тартатын боламыз. 

Өзгелердің жаңалығы