Алматы қаласында тұрғындардың дер кезінде хабар беруінің арқасында 81 жастағы зейнеткерге қатысты ауыр қылмыстың жолы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, жалғыз тұратын қарт адамның жоғалып кеткені туралы оның танысы хабарлаған. Жедел іздестіру шаралары барысында зейнеткер қала маңындағы елді мекендердің бірінен, жергілікті тұрғындардың үйінен табылды.
Тергеу барысында белгілі болғандай, күдіктілер жәбірленушінің сеніміне кіріп, оның осал жағдайын пайдаланып, заңсыз ұстап отырған. Сонымен қатар олар қарияны жылжымайтын мүлкін өз атына рәсімдеуге мәжбүрлемек болған.
Аталған дерек бойынша адам ұрлау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде екі ер адам мен бір әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, азаматтардың қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік туды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға беру бағытында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.