Мүлік иелері бірлестігін тіркеуге арналған онлайн қызмет таныстырылды

1 Наурыз 2023, 21:16
1033
Бөлісу:
Мүлік иелері бірлестігін тіркеуге арналған онлайн қызмет таныстырылды
Фото: ҚР ИИДМ

Astana Hub алаңында «МИБ тіркеу және дауыс беру» жаңа онлайн қызмет түрі таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ 

Іс-шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова, Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының, сондай-ақ Әділет және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілдері қатысты.

Аталған тың тетікті ойлап тапқан «Управ.дом» мобильді қосымшасының әзірлеушілері айтқандай, енді елімізде мүлік иелерінің бірлестігін смартфондағы батырманы басу арқылы тіркеуге болады. Бұл үшін жоғарыдағы қосымшаның көмегімен қажетті өтінішті онлайн түрде тапсырса жеткілікті. Тұрғын үйдің иелері мен жалға алушылар цифрлы ID жүйесі мен электронды цифрлы қолтаңба арқылы анықталады. Нәтижесінде МИБ тіркеп, оның төрағасын сайлау  жөніндегі қорытынды мәлімет бірнеше күнде смартфонға жіберіледі.

Осы іс-шара МИБ-гін құру кезеңдерін цифрландыруға арналған қосымша жайлы ақпаратты халыққа жеткізуге бағытталған. Дауыс беруден бөлек бұл платформада тұрғын үйдің  басқа да мәселелерін шешуге септесетін қызметтер де бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған бастаманы қолдайды. Өйткені мұндай ақпараттық жүйелер мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланып, тиісті рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді, - деді Щеглова.

Өз кезегінде «Управ.дом» жобасын әзірлеушілердің бірі Олжас Ақбаев жаңа қызмет түрінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сай келетінін және одан өткенін куәландыратын аттестаттың бар екенін атап өтті.

Аталған қызметті дайындауда қазақстандықтар үшін дауыс беру мен МИБ-ті тіркеу процесін барынша жеңілдетуді көздедік. Адамдар мұндай мәселелерді тез және ашық түрде шешу тиіс. Сондай-ақ дербес деректер туралы заңнамаға сәйкес жеке мәліметтердің құпиялығын сақтап, бақылау сервисі жолға қойылған, - деді Ақбаев.

Айта кетейік, қазір аталған қосымшаға 4 мыңға жуық тұрғын үй қосылған. Жобаның авторлары 2023 жылдың соңына дейін республика бойынша 20 мың үйді қамтуды жоспарлап отыр.

Іс-шараны түйіндей келе ҚР ИИДМ басшысының орынбасары жиналғандарды Алғыс айту күнімен құттықтап, IT-мамандарға атқарған жұмыстары үшін ризашылығын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы