Мұхтар Тілеуберді Тери Хакаламен кездесті

20 Тамыз 2021, 21:37
2828
Бөлісу:
Мұхтар Тілеуберді Тери Хакаламен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия бойынша турнесі аясында Қазақстанға сапармен келген Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесті.

М.Тілеуберді делегацияны Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Сондай-ақ, ол еуропалық дипломатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Президент Қ.Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың іске асырылу барысымен таныстырды.

ЕО арнайы өкілі Қазақстанға алғашқы сапарын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

«Орталық Азия – Еуропалық одақ» диалогтық платформасы шеңберінде тараптар ү.ж. 5-6 қазанда Алматы қаласында гибридті форматта өткізілі жоспарланып отырған алдағы Азаматтық форумды талқылады. Аталған форум ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясын іске асыруды талқылау бойынша Орталық Азия және Еуропалық одақ азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өтеді.

Келіссөздердің бөлек тақырыбы Ауғанстандағы жағдай болды. Тараптар осы елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша қолдау мен бірлескен шаралар қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР-ЕО Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісімді іске асыру барысы талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары ҚР-ЕО Ынтымақтастық кеңесінің отырыстары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар тұрақты жұмыс байланыстарын орнатуға келісті.

Өзгелердің жаңалығы