Мұхтар Шаханов қандай тұлға болды?

Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойында ерекше орны бар ақын, жазушы, қоғам қайраткері.

 gov.kz Бүгiн 2026, 14:35
Бүгiн 2026, 14:35
217
Фото: gov.kz

Мұхтар Шаханов – тек ақын емес, қоғамдағы өткір мәселелерді батыл көтерген тұлға еді. BAQ.KZ редакциясы Шаханов қандай тұлға болғанына және оның еңбектеріне шолу жасады.

Өмір жолы: Тау басында отырып өлең жазған

Мұхтар Шаханов 1942 жылғы 2 шілдеде қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында өткен. Ақынның өз естеліктерінде айтуынша, ол бала кезінде тау басында отырып өлең жазған.

Әкесі – діни сауатты, қары молда болған адам. Мұхтар Шаханов тоғыз жасқа толғанда әкесі қайтыс болады. Анасы 13 бала тәрбиелеп өсірген.

Ақынның алғашқы өлеңі 16 жасында республикалық баспасөзде жарық көрген. Бұл туынды оқырман тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, жас ақынға жүздеген хат келген. Осы кезеңде белгілі композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергенов оның шығармашылығына назар аударып, арнайы іздеп келгені айтылады.

Мұхтар Шаханов еңбек жолын тракторшы болып бастаған. Кейін Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдады. Әр жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік өңір бойынша меншікті тілші қызметін атқарды. Сондай-ақ республикалық телеарна мен радио редакцияларында жұмыс істеді.

1976 жылдан бастап Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы болды.

Шығармашылығы: поэзиядағы азаматтық үн

Шаханов – қазақ поэзиясына азаматтық позиция мен философиялық тереңдік әкелген ақындардың бірі.

Оның шығармалары: «Бақыт», «Ай туып келеді», «Қырандар төбеге қонбайды», «Сенім патшалығы» сияқты жинақтар арқылы кеңінен танылды.

Оның поэзиясының ерекшелігі - ұлттық сана, әділет мәселесі, адамгершілік, тарихи жады сияқты тақырыптарды батыл көтеруі.

Шығармалары 40-тан астам тілге аударылған.

Мұхтар Шаханов әдебиетпен ғана шектелген жоқ. Ол қоғамдағы өткір мәселелерге ашық араласқан тұлға болды.

Әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты шындықты көтеруі, Арал мәселесі және тіл және ұлттық құндылықтар бойынша белсенді позиция ұстанды.

Ол билікке де, қоғамға да ыңғайсыз сұрақ қоя алатын сирек зиялы қауым өкілдерінің бірі болды.

Драматургия, ән және мәдени ықпал

Шаханов тек ақын емес, драматург, публицист, ән мәтіндерінің авторы. Оның «Махаббат заңы», «Сократты еске алу түні» сияқты пьесалары сахналанды.

Ал «Гүл дәурен», «Жұбайлар жыры» сияқты әндері халық арасында кең тарады.

Ақын 2026 жылғы 19 сәуірде өмірден өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Ақорда хабарламасында Шахановтың қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерген тұлға екені атап өтілді.

Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақынның қазасына байланысты ресми мәлімдеме жасап, оны “қазақ руханиятының ірі өкілі” деп бағалады.

Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, аяулы азамат Мұхтар Шаханов жарық жалғаннан өтті. Барша қазақ еліне, ағамыздың әулеті мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Мұхтар Шаханов көзі тірісінде-ақ шоқтығы биік шығармалары арқылы халықтың зор ықыласына бөленіп, алты алаштың ардақтысына айналды. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде азаматтық ұстанымынан таймай, елжандылық пен парасаттылықтың үлгісін көрсетті. Оның өлеңдері мен шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасы ретінде сақталады. Мұхтар ағамыздың отты жырлары, қайсар мінезі, әділет жолындағы табандылығы халық жадында мәңгі қалады, – деп атап өтті Балаева өз мәлімдемесінде.

Министр сондай-ақ марқұмның отбасына сабыр тілеп, оның рухына дұға бағыштады.

Қандай тұлға ретінде есте қалады?

Ресми мәлімдемелер мен сарапшылар пікіріне сүйенсек, Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясын жаңартқан ақын, қоғамдағы әділет үшін күрескен қайраткер, ұлттық мүддені ашық қорғаған тұлға ретінде тарихта қалды.

Президент өз сөзінде оны “қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы” деп атады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Шаханов туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, ақынның дүниеден өтуі – қазақ руханияты үшін ауыр қайғы.

Адам өмірге келеді, кетеді – бұл заңдылық. Алайда әркімнің ғұмыры бірдей емес. Бірі үнсіз өтеді, енді бірі із қалдырады. Ал кейбірі тұтас ұлттың жадында мәңгі сақталады. Мұхтар Шаханов – сондай тұлғалардың бірі. Біз кеңес заманында өскен ұрпақ «Төрт ана» арқылы ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңірдік. Бұл жай ғана өлең емес, ұлттық сананың тірегі болды: туған жер, туған тіл, салт-дәстүр, тарих. Бүгін мұны айту оңай. Ал сол кезеңде бұл үлкен батылдық еді. Мұндай ойды халықтың жүрегіне жеткізу – Шахановтай рухы биік ақынның ғана қолынан келді. Оның денесі жер қойнына тапсырылғанымен, рухы мен шығармалары халықпен бірге өмір сүре береді, – деді депутат.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректоры Ерлан Сыдықов қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты пікір білдірді.

Ол ақынның қазасы қазақ руханияты үшін орны толмас ауыр қайғы екенін атап өтті.

Руханияттың алып бәйтерегімен бірге тұтас бір дәуір өткендей күйдеміз. Мұхтар Шахановтың поэзиясы – терең сезім мен биік ойдың, рух пен сананың үйлесімін танытатын құбылыс. Оның шығармалары барша оқырманға, әсіресе жас ұрпаққа мәңгілік рухани азық болып қала береді. Ақынның студент-жастармен кездесулері, ұлттық құндылықтар, тіл тағдыры, отансүйгіштік туралы ойлары жас буын үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Саналы ғұмырын қазақ руханияты мен тілінің дамуына арнаған қаламгердің есімі халқымен бірге жасай береді, – деді ректор.

Сондай-ақ ол марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның шығармашылық мұрасы ел жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

Мұхтар Шаханов – тек әдебиет өкілі емес, дәуірдің дауысы болған тұлға. Оның шығармалары мен қоғамдық ұстанымы қазақ қоғамындағы көптеген маңызды тақырыптарды қозғады.

Ол кеткенімен, көтерген мәселелері мен қалдырған мұрасы әлі ұзақ уақыт бойы өзектілігін сақтай бермек.

Наверх