Екінші рет коронавирус жұқтырған Мұхамеджан Тазабек жағдайының қандай екенін айтты

13 Тамыз 2021, 09:35
3956
Бөлісу:
Екінші рет коронавирус жұқтырған Мұхамеджан Тазабек жағдайының қандай екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Talim TV телеарнасының бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, псиxология ғылымдарының кандидаты, PhD, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек екінші рет коронавирус жұқтырды. Ол алты ай бұрын вакцина алғанын, соның нәтижесінде ауру ағымы жеңіл өтіп жатқанын айтты. 

Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды.

Екі-үш күннен бері екінші рет айналып соққан дерттің әуресімен ем алып жатырмыз. Жүлдегерлерді қарсы алып аэропортта жүрдік, жұмысқа бардық, дәмханада болдық, қайдан деріңіз бар ма, Жаратқанның жазуымен жұрт жүрген жерде жұғысып қалсақ керек. Алты ай бұрын вакцина алғаннан ба, басқадан ба Алланың сынағы жеңілдеу өтіп жатқан секілді. Бір жағынан үйде оқшауланып, оқылмай жатқан кітап, жазылмай жатқан жұмыстардың қыртысы жазылып, біраз шаруа бітіп жатыр. Осы, әлемде болып жатқан дүрбелеңнің, бәрімізді үрейге салған вирустың сыры біз ойлағаннан әріде, мағына-мәні илахи мақсаттарда жатқан секілді. «Әр нәрсе - Құдайдан» дейміз ғой. Бірақ соның парқына терең бойлай бермейтін секілдіміз. Ақылға саламыз деп, асыра сілтейміз. Аллаға тәуекел етеміз, деп тәртіпті ұмытып жатамыз. Құндылықтарды құрдымға итеріп, адамшылықтан аттап, азғындықты ашық насихаттап, зұлымдық пен қиянаттың небір түрін жасап жатқан адамзатқа Алланың соңғы бір ескертулері кеп жатқандай, әрі-беріден соң жақсыларды жалмап, тұлғалардан жалаңаштап жатқан сынақ-сабақ-азап екеніне көзім толық жете бастағандай, - дейді ол.

Оның сөзінше, коронавирустың үлкен бір сипаты - адам таңдамайтынында.

Талай тұмау көрдік, талай суық тиді. Бірақ, бір заңдылықтардың шеңберінде жүзеге асып жататын. Мықтылар сау қап, әлсіздер ә дегеннен мұрттай ұшатын. Бұл вирустың үлкен бір сипаты - адам таңдамайтынында. Сүлдерін сүйретіп жүргендерді айналып өтіп, аттай азаматтарды алып ұрып жатыр. Созылмалы дерті барды да, тепсе темір үзетін тегеуріндіні де аяп жатқан жоқ. Осы ауру басталғалы төңірегімдегі екі адамға қатты алаңдадым. Алдымен кетіп қалардай уайымдадым. Екеуі де жас емес, денсаулықтары мүлдем жоқ, ел аман, жұрт тынышта не боп қалар екен деп, елеңдетіп, есімізді шығарып жүрген жақындарымыз. Тағдыр ғой, былтырдан бері үй ішіндегілерінің бәрі ауырды. Аллаға шүкір, бір бөлмеде ас ішіп, бір төсекте жатқан әлгі дімкас туысқандарыма дым болған жоқ. Алла оларды ақырына дейін берекесіне бөлесін! Одан бері ойламаған жерден үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін небір денсаулығы жыландай жігіттер жүріп кетіп жатыр. Құдайдың құдіреті деген осы! Бұл сақтанбау керек деген сөз емес. Аман жүрудің бір сыры - сақтықта!, - деп атап өтті Тазабек.
Ол екпенің есебін түгендеу науқаншылдығымен алаөкпе боп жүргенде адамдар Құдайдан да, мешіттен де, азаннан да алыстағанын айтты. Сонымен қатар локдаун кезінде осы мүмкіндікті шайтани күштер тиімді пайдаланды. Үйде отырғандар зерікпесін деп, порно сайттар жеңілдік ұсынып, мүттайім блогерлер алақалай насихаттап, онлайн-казинолар 24 сағат қол бұлғап, ішімдік саудасы жүріп, талай балкон босаған бөтелкеге толды. 
Кешегі қан майдандарда ұлы қолбасшылар әскерді Алламен қуаттап, абыздан бата алғызып, сұрапыл сұмдықтардан жеңіспен шығарған екен. Кешегі Сталиннің өзі сақалы желбіреген, шапаны етегін жапқан Жамбыл қартты алдыға шығарып, дуалы ауыздың рухты сөзімен діні бөлек, қаны басқалардың өзін шүкірге, сабырға, қанағатқа, қайсарлылыққа ұйытқан еді. Ал біздің амалымыз әлсіз, рухани сақтануымыз сәтсіздеу өтіп жатыр. Теледидар да, ютуб та сайқымазақ сериалдар мен боқтампаз, бейпіл қойылымдарға толды. Көрілімі көп, сұранымы сұмдық болды деп, көрімдік сұраймыз. Оның несі таңғалышты. Көшеге бір тал ексең ешкім байқамайды, сол жерге дәрет сындырып, әлеуметтік желіге салсаң бүкіл ел қызықтап қарайды. Көп көрілім деген сол ма?! Ондай сұраныстағы көрілімнің несі мақсат, қай пайдасы мұрат?!, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы