Мүгедектігі бар адамдарға арналған ақпараттық-консультациялық қызмет құрылады

20 Сәуір 2022, 17:25
1718
Бөлісу:
Мүгедектігі бар адамдарға арналған ақпараттық-консультациялық қызмет құрылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған әлеуметтік жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен жүзеге асырылады.

Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың хабардарлығын арттыру және оларға әлеуметтік бейімделуге көмектесу.

Оның арқасында мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтар заң, әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша бір терезе қағидатымен кеңес ала алады.

Қоғам белсенділері мүгедектігі бар кемінде жүз қазақстандықтың білімі мен құзыреттілігін арттырмақ. Арнайы курстардан өткен азаматтар жұмысқа орналастырылады деп жоспарланып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтардың жұмысқа орналасуы – біздің жобамыздың ең басты тетігі. Сондықтан кәсіпкерлердің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға жауапты және әлеуметтік бағдарланған көзқарасын қалыптастыруы маңызды. Сондай - ақ, біз кем дегенде мүмкіндігі шектеулі 10 адамға жұмысқа орналасуға көмектесеміз, бұл оларға экономикалық дербестік беріп, өзін-өзі бағалау мен қоғамда өз орнын табу деңгейін жоғарылаты, - деді «Жеңіс» Батыс Қазақстан облысы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Хасанғалиева.

Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік өкілдері SMM, таргетинг, графикалық дизайн, бухгалтер мамандықтары бойынша онлайн курстарды ұйымдастырады.

Мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек нарығында сұранысқа ие тігінші, аспазшы, шаштараз, дәнекерлеуші, кромщик, арамен кесуші, жиһаз құрастырушы сияқты мамандықтары бойынша офлайн режимде білім ала алады.

Жоба аясында өмірдің түрлі салаларында жетістікке жеткен мүмкіндігі шектеулі адамдар туралы бейнероликтер жасалады. Барлық материалдар YouTube арнасында жарияланады. Қоғам белсенділерінің пікірінше, жоба мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген құрметті, жағымды қарым-қатынасты қалыптастыруға көмектеседі.

Өзгелердің жаңалығы