Мәжілісте депутат Таңсәуле Серіков ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері туралы заң жобасын сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Негізгі акцентіңіз мүгедектігі бар тұлғалардың құқығы деп айттыңыз. 20-дан астам норма бар дедіңіз. Бірақ мүгедектерді "қуыршақ" қылмаңыздар. Мүгедектердің атын жамылмаңыздар. Мен инклюзивті Парламент атынан сөйлеп тұрмын. Сіздер бізді әріптестеріміздің алдында кінәлі етіп отырсыздар. Мүгедектердің құқығын қорғау үшін 6 фракциядан 6 депутат отыр. Біздің артымызда 720 мың мүгедек электораты тұр. Ол үшін мынадай норма әзірлеудің қажеті жоқ. Сіздер алдымен ақпараттық порталды мүгедектерге қолжетімді етіңіз. Ол үшін норма керек емес, - деді Серіков.
Депутат мүгедектерге жағдай жасау бойынша Әлеуметтік кодекс бар екенін айтты.
Оған бөлек норма енгізудің қажеті жоқ. Бұл жерде инклюзивті біз өз әріптестеріміздің бетіне қарауға ұяламыз. Егер жасасаңыз, мүгедектердің жағдайы үшін жасаңыздар. Олардың атын жамылудың қажеті жоқ, - деді ол.
Мәжілісте Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын.