Ақпарат министрлігі қосымша құзырет сұрады

16 Қаңтар 2024, 16:23
418
Бөлісу:
Ақпарат министрлігі қосымша құзырет сұрады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZтілшісі.

Заң жобасының мақсаты – халықтың хабардар болуын, мемлекеттік сектордың ашықтық деңгейін, белсенділігі мен есеп беруін арттыру.

Заң жобасын іске асыру бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді. Заң жобасы халықаралық сараптама ұйымдарының, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қатысуымен әзірленді. Ақпараттық кеңістікке жүргізілген мониторинг және жеке мен заңды тұлғалардың шағымдарын саралау нәтижесі ақпарат иеленушілердің «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының талаптарын сақтамау, азаматтардың бірқатар қоғамдық маңызы бар салаларда ақпараттық жабықтыққа не ақпараттың жеткіліксіз қолжетімділігіне тап болу мәселелерінің болғанын көрсетті, - дейді вице-министр.

Данияр Қадыровтың сөзінше, мәселелерді шешу мақсатында бірнеше ұсыныс айтылып отыр.

Ақпараттың ашықтық презумпциясы қағидатын – халықаралық «алтын» ашықтық стандартын бекіту. Жекелеген жағдайларды қоспағанда, Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң деңгейінде мемлекеттік органдардың барлық ақпаратын ашық деп айқындау. Бұл ретте, мемлекеттік органдар ақпаратқа қол жеткізуді тек белгілі бір мерзімге және құжаттыңбір бөлігіне ғана шектеу қоюға құқылы болады, - дейді министрлік өкілі.

Бұдан басқа, заң жобасына сәйкес мемлекеттік органдар халыққа ресми ақпаратты өз бастамасымен (сұрау салусыз) жедел жеткізуге міндетті. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың ақпаратты белсенді түрде таратуға қатысты жаңа міндеті, сондай-ақ оның ұғымы мен іске асыру тетігі енгізіледі. Бұл бірінші кезекте, білім беру, экология және денсаулық сақтау салаларына қатысты.

Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдар үшін ақпаратқа қолжетімділік шектелген. Бұл интернет-ресурстардың, ақпараттық стендтердің, телебағдарламалардың, мерзімді, ғылыми, оқу-әдістемелік, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиеттердің қолжетімділігі мәселесіне қатысты болып отыр. Осы орайда, мүгедектігі бар адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігі мәселелерін Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда жеке бап және қағидат түрінде бекіту ұсынылады, - деп түсіндірді вице-министр Мәжілісте.

Данияр Қадыров атап өткендей. бұдан басқа, бүгінде депутаттық белсенділіктің және Парламент депутаттары бастамасымен әзірленетін заң жобаларының санының өсуі байқалып отыр. 

Бұл ретте, депутаттық бастамалардың әзірленуінің жеңілдетілген тәртібінде жария талқылау жөніндегі талаптың көзделмеуі жұртшылық пен бизнестің қабылданып жатқан қоғамдық маңызы бар мәселелерден тыс қалу қаупін төндіруі мүмкін.

Осыған орай, депутаттық заң жобалары бойынша «Ашық НҚА» порталында жария талқылау жүргізу ұсынылады. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратқа қол жеткізу саласында бақылау өкілеттіктері жоқ және азаматтар мен БАҚ-тан келіп түсетін шағымдар бойынша ден қою шараларын қабылдау мүмкіндігі жоқ. Азаматтар бірден сотқа шағымдануға мәжбүр. Тиісінше, Мәдениет және ақпарат министрлігіне (МАМ) тиісті құзырет бере отырып, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы жауапкершілікті күшейту мен мемлекеттік бақылауды енгізу ұсынылады, - дейді ол.

Айтуынша, МАМ ұйғарымын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Жалпы, ұсынылған түзетулер мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын жүзеге асыруды жеңілдетеді.

Дүниежүзілік Банктің халықтың пікірі мен есептілігін есепке алу индексі, Ақпаратқа құқықтың жаһандық рейтингі, ГРЕКО сияқты халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның позициялары жақсарады.

Өзгелердің жаңалығы