Қазақстанда білім беру саласына қомақты қаржы бөлініп, түрлі реформалар жүзеге асырылып жатқанымен, олардың нәтижесі мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы өзара жауапкершілік пен серіктестікке тікелей байланысты. Педагог-тренер Ескендір Бестай ата-ана мен мұғалімнің қарым-қатынасы «клиент пен қызмет көрсетуші» форматына түспеуі керегін айтып, баланың білімі мен тәрбиесінде екі тараптың да ортақ жауапкершілігі бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Менің субъективті пікірім бар: білім беру саласына қанша қаражат жұмсалса да, қандай реформа жүргізілсе де, оның бәрі ақыр соңында бір адамға келіп тіреледі. Миллиардтаған қаражат, қаншама бағдарлама, тіпті жаңа заңдар қабылданғанымен, ата-ана тарапынан немқұрайлық болса, олар жұмыс істемей қалады. Егер менен «білім саласының өзгеруіне кім кедергі?» деп сұраса, «ата-ана» немесе «ата-ананың немқұрайлығы» деп жауап берер едім, - деді Ескендір Бестай Bilim Group компаниясының MUGALIM әлеуметтік жобасының таныстырылымында.
Ол мұндай пікірді білім саласы маманы емес, ата-ана ретінде айтып жатқанын ескертті.
Мен мұны мектепте сабақ берген мұғалім ретінде емес, ата-ана ретінде айтып отырмын. Егер сынып алдында білікті мұғалім тұрса, оның мол білімі мен тәжірибесі болса, ол бір сағат бойы бар күшін салып, балаға білім берсе, біз ата-ана ретінде ең алдымен осы еңбекті бағалап, мұғалімді құрметтеуіміз керек. Олай болмаса, осының бәрін ата-ананың «сенің мұғалімің не біледі?!» дегені жойып жібере салуы мүмкін, - деп санайды сарапшы.
Сөзінше, қазір кей жағдайда ата-аналар өздерін клиент ретінде қабылдай бастаған. Әсіресе жекеменшік мектептерде «мен ақша төлеп отырмын» деген түсінік пайда болуы мүмкін.
Соның салдарынан баланың білімі мен тәрбиесіне қатысты жауапкершіліктің бір бөлігі мұғалімге ғана жүктеледі. Ал мұғалімнің онсыз да атқаратын жұмысы аз емес. Бірақ бір жағынан кейде қазіргі мұғалімдер сабағы сәтті болуы үшін ата-ананың басындағы проблемасымен де алысуына тура келеді. Мұғалімнің жұмысы ешқашан жеңіл болмаған. Алайда қазір оған ата-ананың проблемасы қосылды, - деді сарапшы.
Оның айтуынша, мұғалімнің өзін-өзі ұстауы өте маңызды. Сондықтан ата-ана мен мұғалімнің қарым-қатынасы «клиент пен қызмет көрсетуші» форматында болмауы керек. Мұғалім де, ата-ана да бір тарапта тұр. Екеуінің ортақ мақсаты – бала.
Бізге ата-ана мен мұғалімнің бір-бірін қарсы тарап емес, серіктес ретінде қабылдауы керек. Өйткені бала үшін жауапкершілік екеуіне де ортақ. Осы түсінік қалыптасқанда ғана білім беру саласындағы реформалар мен бастамалардың нақты нәтижесі болады, - деді ол.
Ескендір Бестай пайымдауынша, Қазақстанда әлі күнге дейін «үштік одақ» құрылмаған. Айтуынша, бұл мұғалімдердің ата-аналармен коммуникация құра алмайтынының көрсеткіші.