Қазақстанда мұғалімдердің құжат әзірлеу жұмысын автоматтандыруға арналған GL Tailmger AI-платформасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоба мектеп құжаттарын қалыптастыруға, ондағы кемшіліктер мен тәуекелдерді анықтауға және оларды түзету бойынша ұсыныстар беруге мүмкіндік береді. Стартап AI & Digital Bridge 2026 форумында таныстырылды.
Жоба авторларының бірі білім беру сапасын бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметінде 10 жылдан астам жұмыс істеген. Ал тағы бір өкіл - педагог әрі Дүниежүзілік банктің ұлттық сарапшысы. Олар білім беру саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, мұғалімдердің қағазбастылығын азайтуды мақсат еткен.
Стартап өкілдерінің айтуынша, бүгінде мұғалімдер оқу процесінен бөлек, түрлі есеп пен құжат әзірлеуге көп уақыт жұмсайды. Мәселен, бір есепті дайындауға шамамен 1,5-2 сағат кетеді. Ал мұғалімдер жылына осындай 200-ден астам құжат әзірлейді. Нәтижесінде бір педагогтің жылдық жұмыс уақытының шамамен 300 сағаты құжат толтыруға жұмсалады.
Біздің мақсатымыз – мұғалімдердің уақытын үнемдеп, оны ең маңызды іске, яғни балаларды оқытуға бағыттауға мүмкіндік беру. Мұғалімдер әртүрлі порталдармен, дерекқорлармен және платформалармен жұмыс істеп, бір ақпаратты бірнеше рет енгізуге мәжбүр. Біз осы процестерді жеңілдеткіміз келеді, – деді жоба авторларының бірі таныстырылым барысында.
GL Tailmger платформасы жасанды интеллект көмегімен мектеп құжаттарын қалыптастырып, ондағы проблемалық тұстарды анықтайды. Сонымен қатар жүйе жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстар береді. Ал мектеп директоры оқу орнының жұмысын бір терезе арқылы бақылай алады.
Жоба авторларының мәліметінше, қазір Астана қаласындағы бес мектепте пилоттық сынақ жүргізіліп жатыр. Автоматтандыруға арналған 120 құжат анықталып, олардың 20 пайызы электронды форматқа көшірілген.
Стартап командасы мектептер пайдаланатын ақпараттық жүйелермен интеграция жасауды да жоспарлап отыр. Бұл мұғалімдердің бұрыннан бар деректерді қайта енгізу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Біз қазір басқа дерекқорлармен және мектептер жұмыс істейтін жүйелермен интеграция әзірлеп жатырмыз. Платформамыз барлық жүйеге қол жеткізетін бірыңғай нүктеге айналуы керек. Бұған дейін жиналған деректер біздің жүйеге түсіп, жасанды интеллект проблемалық тұстарды анықтап, тиісті ұсыныстар береді, – деді стартап өкілі.
Жоба авторларының есебінше, білім беру ұйымдарына арналған бұл шешімнің әлеуетті нарығы 50 млрд теңгеден асады. Ал платформаны енгізу мектептердегі құжат айналымын автоматтандыруға және педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ғимараттарды дронмен жуып, өрт сөндіруге көмектесетін жоба таныстырылды.