Қазақстанда ғимараттарды жуу процесін дрондар арқылы автоматтандыруға бағытталған TAZA KAZAKHSTAN стартапы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоба авторлары технологияны тек тазалық саласында ғана емес, төтенше жағдайлар кезінде де қолдануды көздеп отыр. Бұл туралы стартап өкілі AI & Digital Bridge 2026 форумында өткен таныстырылымда айтты.
Жоба авторларының сөзінше, бүгінде дрондар ауыл шаруашылығы мен геодезия салаларында кеңінен қолданылғанымен, ғимараттарды жуу процесін толық автоматтандыратын кешенді жүйе әлі жоқ. Стартап осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.
Біз тек бағдарламалық жасақтама әзірлеумен шектелмейміз. Негізгі мақсатымыз – жуу процесін толығымен автоматтандыру. Қазір мұндай жекелеген бағдарламалар болғанымен, жұмыстың бүкіл циклін қамтитын толыққанды жүйе жоқ, – деді жоба өкілі.
Стартап кәсіпкерлерге екі түрлі ынтымақтастық моделін ұсынады. Біріншісі – дрондарды пайдалана отырып, қызмет көрсету. Екіншісі – өз бағдарламалық өнімін франшиза ретінде ұсыну. Осылайша, шағын және орта бизнес өкілдері технологияны өз қызметіне енгізе алады.
Жобаны төтенше жағдайлар саласында да қолдану қарастырылған. Атап айтқанда, дрондарды өрт сөндіру кезінде пайдалануға болады. Ол үшін арнайы өрт сөндіру жеңі мен қажетті жалғағыш қарастырылған. Стартап өкілінің айтуынша, жүйені қолданысқа енгізу үшін Төтенше жағдайлар департаменттеріне дрондар сатып алудың немесе арнайы пилоттарды жұмысқа қабылдаудың қажеті жоқ.
Біз төтенше жағдайлар қызметіне дайын сервисті ұсынамыз. Олар үшін дрон сатып алудың да, пилот жалдаудың да қажеті жоқ. Қызмет жазылым жүйесі арқылы көрсетіледі. Яғни, тиісті мекемелер біздің сервиске қосылып, оны қажеттілігіне қарай пайдалана алады, – деді стартап өкілі.
Жоба авторлары осындай тәсіл арқылы дрондарды пайдалану аясын кеңейтіп, оларды коммерциялық қызметтермен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жұмыстарына енгізуді жоспарлап отыр.