Мұғалім мәртебесі. Артық жұмыс пен есеп және педагог этикасы

20 Қаңтар 2023, 16:37
2608
Бөлісу:
Мұғалім мәртебесі. Артық жұмыс пен есеп және педагог этикасы

Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова «Oqu-ağartu LIVE» жобасында мұғалім мәртебесі, артық жұмыс және есеп, педагог этикасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына 3 жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі күнге дейін біраз жұмыс атқарылды. Осы заңның аясында Оқу-ағарту министрлігі тиісті заңнамалық-құқықтық актілерін шығарды. Министрдің №190 бұйрығы бар. Бұл құжатта педагогтерді өздерінің функцияларына жатпайтын артық жұмысқа тартпау, артық есепті талап етпеу, газет-журналдарға жазуға мәжбүрлемеу, сенбіліктерге тартпау сияқты нақты шаралар жазылған, - деп атап өтті Майра Мелдебекова.

Сөзінше, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін есептердің саны 3 есе азайған. 

Ол тікелей эфирде педагогтердің қандай құжат толтыруға міндетті екенін айта кетті.

Министрдің бұйрығына сәйкес, әрбір педагог, сынып жетекшісі, директор және оның орынбасары әрбір санатқа байланысты қандай құжаттар толтыруы керек, олардың мерзімдері қандай екені жеке көрсетілген. Оқу пәндерінің барлық мұғалімі күніне тек екі құжат ғана толтырады. Бұл өзінің сабақ кестесіне сәйкес сынып журналы және қысқа мерзімді сабақ жоспары (ҚМЖ), - дейді білім маманы.

Мелдебекованың айтуынша, оқу жылының басында бір рет толтырылатын құжат бар. Ол – орта мерзімді жоспар. Яғни күнтізбелік тақырыптық жоспар. Ал мұғалім сынып жетекшісі болса, онда әр жылдың басында сыныпқа арналған сынып сағаттарының жоспарын толтырады.

Комитетке, жергілікті территориялық департаменттерге артық қағазбастылыққа байланысты арыз-шағымдар жиі түсіп жатады. Мысалы, ережелер бұйрықтар нақты көрсетілгенімен, жергілікті жерде оны білім беру басшылары әлі де талап етіп жатады. Мысалы, сынып жетекшісінен сынып сағаттарын өткізгені туралы ақпаратты «ватсапқа салыңдар», «суреттерін салып жіберіңдер» деген сияқты қағазбастылық жергілікті жерлерде әлі де кездесіп жатады. Сонымен қатар егер БЖБ, ТЖМ құжаттары электронды түрде «Күнделікте» болса, онда оларды қағазға басып шығарып, көрсетудің қажеті жоқ. Ол туралы бұйрықта нақты көрсетілген, - деді комитет өкілі.

Майра Мелдебекова білім беру ұйымдары басшыларына бұйрықты сақтау керегін еске салды.

Егер педагогтің құқығы бұзылса, ол туралы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне және оның өңірлердегі департаменттеріне өтінішпен жүгінуге болады.

Телеграмда ашылған «Педагогті қорғау» чатына педагогтер көбіне қандай шағыммен хабарласатынына тоқталды.

Мұғалімдерден көбіне оқу жылының басында көп сұрақ келеді. Өйткені қыркүйекте ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізіледі – сағат санын бөлу, жүктеме, оқу кестесін құру. Мысалы, аз сағат берді, сағаттардың бәрін бір аптаға созып тастады, үзілістермен қойған және осы сияқты әртүрлі шағымдар келеді. Негізі чатқа педагог құқығы, мәртебесі нақты бұзылған жағдайда, яғни артық жұмысқа тартылса ғана жүгінуі керек. Алайда жалақыларына байланысты сұрақтарды да қойып жатады. Бірақ бұл сұрақты білім беру ұйымында шешуге болады, - деп түсіндірді ол.

Сөзінше, бұл чат өңірлерде де ашылады. Қазір ол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Педагог мәртебесі туралы» заңда педагогтен тек артық есепті, жұмыстан талап етпеу туралы ғана емес, сонымен бірге педагогтің міндеттері жайлы да көрсетілген. Өз ісінде қалай жұмыс істеп, қандай іскерлігін көрсетуі керек, сабағын сапалы өткізіп, өзінің іскерлік жүріс-тұрысымен, киім үлгісін ұстануы керек. Бұл міндеттер осы құжатта көрсетілген. Мұғалімдерге әрбір білім ұйымында педагогикалық әдепті сақтау үшін жұмыс істеу керегін айтқым келеді. Педагогикалық әдепті бұзған мұғалімдердің фактілерін қңірлердегі комиссиялар қарайды. Бірақ өкінішке қарай, педагогикалық әдепті бұзған әріптестеріміздің фактілері де кездесіп жатады, - деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі тікелей эфирде.

Заң қабылданғалы бері педагогтердің мәртебесіне қатысты арыз-шағымдар үш есеге азайған. Былтырғы оқу жылында 151 арыз-шағым түсті. Ол бойынша 24 білім беру ұйымының басшысы ескерту алды, 4 басшыға әкімшілік-құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынды. 155 білім беру ұйымына қатысты тәртіптік шара қабылданды. Олардың 11-і жұмыстан босатылды.

Өзгелердің жаңалығы