Моңғолиядағы қазақ жазушысы «Моңғолия халық жазушысы» атанды

25 Қараша 2022, 12:49
8435
Бөлісу:
Моңғолиядағы қазақ жазушысы «Моңғолия халық жазушысы» атанды

Моңғолияда тұратын қандасымыз белгілі жазушы Сұлтан Тәукейұлы «Моңғолия халық жазушысы» атағын алды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

60 жылдан астам ел үшін, туған жер үшін қызмет ете жүріп, ондаған повесть, роман, драма, сценарийлер жазып, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға талантын арнаған, «Моңғол құпия шежіресі», «Ежелгі Моңғол патшаларының ұлттық Ұлы Сары кітабы» қатарлы Моңғол тарихының негізгі көздерін, «Моңғол халық мақалдары», «Моңғолия Конституциясы» қатарлы еңбектерді қазақ тіліне аударып, қазақ халқының қолына берді. «Құран», «Ислам туралы негізгі мәліметтер», Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» сияқты шығармаларды моңғол тіліне аударып, халық ағарту ісіне қосқан зор үлесін ескеріп, Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ұлы құрылдың бұрынғы мүшесі, Халықаралық экономика институтының кеңесші оқытушысы Сұлтан Тәукейұлына «Моңғолия халық жазушысы» атағы берілді – деп хабарлады Моңғолия президенті іс басқармасы.

Сұлтан Тәукейұлы "Моңғолия халық жазушысы" атанған екінші қазақ. Бұған дейін бұл атақты Моңғолияда өмір сүрген белгілі жазушы Мағауия Сұлтанияұлы алған болатын.

Сұлтан Тәукейұлы 1944 жылы 17 қарашада Монғолияның Баянөлгей аймағы, Цэнгэл ауданының Аққол деген жерінде дүниеге келген.

Ол 1966 жылы Монғолия университетін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Мемлекет және қоғам қайраткері. 

Сұлтан Тәукейұлы әр жылдары Монғолия Халық Республикасында Сауда министрлігі департаментінің бастығы, аудандық, қалалық, аймақтық партия комитеттерінің екінші және бірінші хатшысы болды. Ол Монғолия Ұлы құрылы мүшесі болған санаулы қазақтың бірі. Монғолияның Венгрия, Австрия елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.

С.Тәукейұлы мемлекеттік жауапты қызметтерде жүріп, 1964 жылдан бастап әдебиетпен шұғылданып, проза, драма, аударма жанрларында жемісті еңбек етіп келеді. Оннан аса кітаптың авторы.

Шығармаларын екі тілде – қазақ және монғол тілдерінде жазады. 

Қазақ жазушылары Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Қ.Жұмаділов, Т.Нұрмағанбетовтың шығармаларын монғол тіліне аударған. Бірсыпыра шығармалары орыс, украин, түрік, қытай, венгр тілдеріне аударылып басылған. 

«Арқалық», «Келін», «Атбасқан қоңыр» секілді пьесалары Баянөлгей халық театрында қойылған. «Сеңгір таулар» романы үшін Монғолия Жазушылар одағының сыйлығына ие болған. 

Монғолияның «Алтын жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

«Жайдарман», повестер мен әңгімелер. Баянөлгей, 1975; 

«Балапан қанаттанған таулар», повестер мен әңгімелер (монғол тілінде). Уланбатор, 1986; 

«Тау бораны», роман (монғол тілінде). Уланбатор, 1990; 

«Арман тау», роман. Баянөлгей, 1993;

«Арман», повестер, драмалар. Уланбатор, 1997; 

«Шежіре», Анкара, 1995; 

«Мұңлы таулар», повестер (монғол тілінде). Уланбатор, 1998; 

«Ақыр Жәнібек», роман. Уланбатор, 2000.

Өзгелердің жаңалығы