Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада қала әкімдігінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсететін "Мобильді қызмет" әлеуметтік жобасы іске асырылды. 6 айдың ішінде 300 адамға 2 мыңға жуық қызмет түрі көрсетілген. Осындай ерекше қажеттіліктері бар жандарға тосырқап қарамай, керісінше мейірім-шапағатқа бөлеп отырған "Дос" Тәуелсіз өмір" орталығының атқарушы директоры Қарлығаш Сәрсенбаевамен сұхбаттасқан едік.
Бұрын-соңды болмаған жоба
– Қарлығаш Нұрланқызы, көмекке мұқтаж мүгедек жандарға арналған "Мобильді қызмет" жобасы жөнінде айтып берсеңіз? Қандай бағытта қызмет түрлерін көрсетесіздер?
– Осы жылы біз жаңа әлеуметтік жоба ұсынған болатынбыз. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тікелей қолдауымен бұл жоба биыл маусым айынан бастап жүзеге асырылды. Бұл әлеуметтік жобаны "Мобильді қызмет" деп атадық. Кең спектрлі, тірек-қимыл жұмыстары бұзылған адамдарға қызмет көрсетеміз. Бес бағытта жұмыс істейміз. Маусымның соңғы аптасынан қараша айының аяғына дейін жұмыс істедік. Ең қызықтысы, мұндай жоба – бұрын-соңды болмаған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жүзеге асырдық.
Біріншісі – онлайн консультациялық кеңес беру. Электронды үкімет немесе заңдық, экономикалық сұрақтар бойынша шиеленіскен, мүмкін шешілмей жүрген істері болса, соларға осы мүгедектер ұйымы атынан заңгер маманмен бірге көптеген сұрақтарға жауап береміз. Мүгедектігін жұмыс орнында алған кісілер біздің көмегімізге жүгінеді. Қызмет бабы кезінде өте шиеленіскен жағдайлар болып жатады. Жұмыс кезінде бір нысаннан екінші бір объектіге барар жолда болса, соны жұмыс берушілердің мойындамауы жиі кездеседі. Немесе сол адамдардың фирмаға ресми түрде тіркелмеуі. Содан олар жарақат алғаннан кейін, жылдарға созылған сот ісі жалғасады. Яғни мүгедек азаматтар дәлелдей алмай жатады.
Айына орта есеппен 100-ге дейін өтініш келіп түседі. Барлық сұрақтарды қамтыдық деп айта аламын. Үй мәселесі де аса толғандырады. Баспанаға кезекте тұрған мүгедектердің тобы ауысқан кезде, мәселен екінші топтан бірінші топқа, олар үй алу үшін кезекке тіркеледі. Соны алып тастайды, оны қайта тіркейді. Бұл істер сотта қаралады. Осыған да араласып, кеңес береміз, басы-қасында жүреміз. Жұмысқа тұру мәселесі. Жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушы мүгедектігі бар адамдар өздерін таба алмайды. Жұмыс берейін десе, мүгедектігі бар адамның білімі, тәжірибесі жетпей тұрады. Болмаса жұмыс берушінің немқұрайлы қарауы. Электронды үкіметтен анықтамаларды қалай алу керек жөнінде өте көп тапсырыстар түседі.
Клининг қызметіне жүгінетіндер өте көп
– Таза тегін түрде қызмет көрсететін әлеуметтік таксиге сұраныс қаншалықты жоғары? Айына қанша адамды тасымалдайсыздар?
Жобаның екінші бағыты – әлеуметтік такси. Ем қабылдап жүрген медициналық мекемелерге баратын кісілерді және елорда бойынша жұмысқа немесе спорттық кешендерге баратын азаматттарды қажет жеріне көлікпен жеткіземіз. Әлеуметтік таксиге алдын ала бір күн бұрын тапсырыс беріледі. Тегін болғаннан кейін, тапсырыс өте көп. Әлеуметтік такси айына 120-150 тапсырыс қабылдайды.
Клининг қызметіне жүгінетіндер де өте көп. Үйінде жалғыз тұратын қарттар мен тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандарға барып, үйлерін жинап береміз. Олар – бір емес, бірнеше диагнозы бар жалғызбасты мүгедектігі бар жандар. Пәтеріне жақсылап толық тазалау жұмысын жасаймыз. Әр адам айына бір рет осындай қызметті ала алады. Тек қана бір кісінің үйін жинай бермей, көп кісілерді қамтуға тырыстық. Жарақаттан кейін асқынып, төсек тартып қалған адамдар үшін айтулы көмек десем артық айтқандық емес.
Үй жинау барысында жоғары сөрелер, терезе, балконды жинасуға, люстраларын, перделерді түсіріп, жуып береміз. Кейбір жалғыз қалып қалған үлкен апаларымыз бен көкелеріміздің үйін бір емес, бірнеше тапсырыспен жинауға, ретке келтіруге тура келеді.
Келесі қызмет түрлері – шаш қию және маникюр. Шаштараз, маникюрге көбінесе жас қыздар тапсырыс береді. "Салонға шақырсаңыздар да барамыз" деп қуанып жатады. Шаш бояу, шаш қиюмен қатар, сәнді шаш үлгісін де жасатады.
Аналар, апалар, ер кісілер шаштарын қиып, үйлерін жинап бергеннен кейін кішкене еңселері көтеріліп, бізге келіп, бір-бірімен танысып, алғыстарын білдіреді. Біз олардың үйіне барып, пәтерлерін тазартып, қолдарын әзірлеп беріп кеткен соң олар қаншама уақыттан соң сыртқа шығып, алға қарай қадам басып, әрекет етуге құлшыныстары ояна бастайды.
Біздің "Дос" мүгедектер ұйымында арт-терапия, яғни өнермен емдеу, саз-балшықпен жұмыс жасау, бояу, сурет салу бойынша арнайы топтарға бөлінген. Мұндай іс-шаралардың нәтижесінде көп адам бір-бірімен жақын араласып, дос тауып жатыр. Жастар бірі-бірімен араласып, ілтипат көрсетіп жатады. Білетін жандар кинода немесе кафеде отыр екен, көрдік деп айтып жатады. Егер адам өзі өмірді күлкімен, жеңіл, мұңаймай қарсы алатын болса, соған да адамдар өзі тартыла бастайды. Танысып, жанұя құрып жатқан жандар жетерлік. Келесі аптада жастардың басын қосып, ұйымның атынан шағын бір керемет кеш өткізбекшіміз.
Мәселен, саз-балшық өнерінің берері мол. Балалар да, ересектер де қолмен әртүрлі мүсіндерді жапсырады. Психологиялық тұрғыдан күйгелектікті, ашушаңдықты басып, жүйке жүйесін жақсартады. Табиғи балшықты тікелей қолмен ұстап жұмыс жасаған кезде қол арқылы сол табиғи заттың жылулығы келеді. Қолдың моторикасын дамытып, икемділігін арттыру арқылы адам дамиды.
Мақсат – мүгедек жандардың өмірін жақсарту
– Мұндай игі жоба қашанға дейін жалғасын таппақ? Әкімдік келесі 2020 жылы әрі қарай демеуге ниет білдіріп отыр ма?
– Әр жобамыз әркелкі, әр бағытта. Басты мақсат – мүгедек жандардың өмірін жақсарту, оларды қоғамға бейімдеу, белсенділігін арттыру.
Әкімдіктің тапсырысы бойынша осы әлеуметтік жобаны іске асырдық. Осы 6 ай 1 аптаның ішінде 2 мыңға жуық қызмет түрін 300 адамға көрсетілді. Келесі жылы бұл жоба қолдау таба ма, таппай ма – әзірге белгісіз. Алайда біздің орталық келесі жылға жаңа жобаларды дайындап отыр. Біз ұсынамыз, әкімдік қай жобаны қолдаса, соны бастаймыз.
Мобильді қызмет өте сұранысқа ие, мүгедек жандарға ауадай қажет. Бүкіл әлеуметтік-мемлекеттік жобалар 1 жылдық. Біз министрліктер, әкімдік, басқарма, партия өкілдері және жергілікті қоғамдық қорлармен бірлесе жұмыс жасаудамыз.
– Осы ұйымның өкілі ретінде "Дос" ұйымы жөнінде айтып өтсеңіз. Себебі халық білу керек осындай орталықтың бар екенін, солай емес пе?
– Біріккен мүгедектер ұйымы "Дос" Тәуелсіз өмір" орталығы 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Бұл ұйымды құрған, өзі арбаны қолданушы мүгедектігі бар жан Ердилдинова Дина Исламқызы. Өзі негізін қалаушы, бастамашы. Алға ұмтылғысы келетін, өмірін өзгертуді қалайтын, көзінде оты бар жастарды жинап, осындай бір қоғамдық ұйым ашсам деген оның басты арманы болған. Қазіргі таңда бізде үзілмей келе жатқан бірнеше жобамыз бар. Ең басты жоба – мүгедектер пайдаланатын техникаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Мүгедектер арбасына, балдақтар мен балаларға арналған арбаларға ремонт жасаймыз. Ақауды жөндейміз. Арнайы құрылғылар сатып аламыз. Оның бәрі қыруар қаражатты талап етеді. Сондықтан бұл жоба – тегін емес.
Жыл сайын "Дос орталығының 20 ізгі ісі" деген қайырымдылық шарасын ұйымдастырамыз. Бізде бекітілген тізім бар. Соған сәйкес арнайы көңіл бөліп, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне біздің қызметкерлер барады. Кішігірім сый-сияпатымызды алып, бір күнімізді арнаймыз. Бұл – дәстүрге айналған шара.
Сондай-ақ, Астана (Нұр-Сұлтан – авт.) қаласында және төңіректегі елді мекендерге барып, қарттар үйі мен мүгедектер үйінде концерттік бағдарлама қоямыз.
"Бір күні арбаның түсін сұрап келмесінші"
– Мүгедектер арбасына таңылғандар үшін техниканы сатып алу, оны жөндеу мәселесі бірінші кезекте тұрады. Бұл орайда қандай көмек көрсетіледі?
– Кез келген мүгедектік тихниканы сатамыз және шетелге тапсырыс береміз. "Дос ортопедия" қазақстандық брэнд деген лозунгпен шығатын электрондық және механикалық арбалар бар. Отандық бренд болғанмен, шетелде құрастырылады. Сапасына аса мән береміз. Сапасына құнын сәйкестендіріп, тапсырыс береміз. Қолжетімді бағада ұсынамыз. Көбіне Германия, Польша және Ресейден тапсырыс береміз.
– Демек, сіздер сұрағанға бере алатын деңгейде болып тұрсыздар ғой?
– Ақылы түрде уақытша немесе қалаға келген қонақтарға техниканы жалға береміз. Жаңа арба керек десе – жаңасын береміз, арбаның көлемін де ескереміз. Кейде күліп айтамыз, "бір күні арбаның түсін сұрап келмесінші" деп. Аяғын сындырып алып уақытша жүре алмайтындарға да жалға береміз. "Қалаға ұшып келдім, арбамды алған жоқпын 1-2 апта сіздерден алып қолдана тұрайын" деген азаматтардың да өтінішін қабылдаймыз.
– Халқымыздың ең басты құндылығы – Тәуелсіздік күні қарсаңында ел азаматтарына айтар тілегіңіз бар ма?
– Тәуелсіздік күніне орай айтар тілегім – біздің ұйым "Дос" Тәуелсіз өмір" орталығы деп аталғаннан кейін әрбір мүгедектігі бар жан өз өмірін жақсартып, белсендірек болып, заманның ағымына немесе біреудің көмегіне қарай емес, тәуелсіз өмір сүрсе екен деймін.