Мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптар 10 қарашадан күшіне енеді

Жаңа талаптар 2026 жылғы 10 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

 pixabay 3 Қараша 2026, 03:12
3 Қараша 2026, 03:12
105
Фото: pixabay
Қазақстанның Қаржы министрлігі мобильді аударымдар арқылы кәсіпкерлік қызметтен табыс табу белгілерін анықтау тәртібіне өзгеріс енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін салық органдары қатарынан үш ай бойы ай сайын кемінде 100 түрлі адамнан ақша түскен банк шоттарына назар аударуы мүмкін болатын. Сонымен бірге осы кезеңде түскен қаражаттың жалпы көлемі ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы тиіс еді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, шекті сома 360 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленді. 2026 жылы бұл сома үш ай ішінде 1 557 000 теңгеден асқан жағдайда аударымдар салық органдарының бақылауына ілігуі мүмкін. Ал ақша жіберушілер санына және қатарынан үш айға қатысты талаптар өзгеріссіз қалды.

Шекті сома жыл сайын 1 қаңтарда бекітілетін АЕК көлеміне сәйкес қайта есептеледі.

Сондай-ақ министрлік интернет арқылы тауар сатумен айналысатын кәсіпкерлер туралы ақпаратты ұсыну тәртібін нақтылады. Банктер тиісті мәліметтерді Smart Data Finance (SDF) ақпараттық жүйесі арқылы жолдайды.

Егер жүйеде техникалық ақау орын алса, ақпаратты ілеспе хатпен бірге CD-дискі арқылы тапсыруға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мәлімет беру мерзімі бес жұмыс күніне ұзартылады. Алайда техникалық ақау болғаны Мемлекеттік кірістер комитеті сол күні таратқан ресми хабарламамен расталуы қажет.

Осы тәртіп жеке тұлғалардың банк шоттарына түскен қаражаттың жалпы сомасы туралы ақпаратқа да қолданылады.

Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық банктер жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетіне тоқсан сайын ұсына бастады. Ал мамыр айынан бері кейбір азаматтарға салық органдарынан хабарламалар жолдануда.

Мұндай хабарлама алу салық төлеушіге автоматты түрде айыппұл салынатынын білдірмейді. Азаматтар анықталған сәйкессіздіктерге қатысты түсініктеме беріп, қажетті мәліметтерді келесі декларацияларында көрсете алады.

Наверх