Мобильді аударымдар бойынша салықты төлету шаралары басталды

20 Желтоқсан 2023, 16:25
514
Бөлісу:
Мобильді аударымдар бойынша салықты төлету шаралары басталды
Фото: Артём Чурсинов - архив

2022 жылдың қорытындысы бойынша банктерден мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша қатарынан 3 айдың әрқайсысы ішінде 100 түрлі тұлғадан жеке банктік шотқа аударымдар алған адамдар туралы ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

МКК ресми өкілі Айнұр Сартаева келіп түскен мәліметтер жөнінде ақпарат берді.

Мемлекеттік қызметтегі бір келіншектің туған ағасы оның банк картасын такси қызметіне пайдаланғаны анықталды. Декларация тапсырып отырған мемлекеттік қызметшілер өзінің картасын үшінші тұлғаға пайдалануға беруге болмайтынын білуі керек қой. Осындай жағдайда жауапкершілік туындауы мүмкін, - деді ол.

Сартаева егер азаматтардың ішінде банктерден қосымша деректер алынғаннан кейін мобильді аударымдарды кәсіпкерлік мақсатта алып отырғандығы анықталса, онда ол азаматтарға қатысты салық төлету шаралары жүргізілетінін хабарлады.

Егер олар кәсіпкер болып тіркелмей, аталған табысты кәсіпкерлік мақсатта алған болса, 10 пайыз мөлшерінде салық төлеуі керек болады. Ал егер кәсіпкерлік қызметті ары қарай жалғастыратын ойы болса, онда олардың кәсіпкерлік қызметін заңдастыруға барынша жұмыс жүргіземіз, - деді МКК ресми өкілі.

Айта кетейік, жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүргізгені үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі айыппұл қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы