Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровқа автокөлік тарту етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл жайлы өнер иесі өз Instagram парақшасында бөлісіп, спортшының Олимпиададағы жеңісіне деген ықыласын білдірді.
Жазбасында Димаш Шайдоровтың шеберлігіне ерекше тоқталып, оның жетістігін бүкіл ел үшін маңызды әрі рух беретін оқиға ретінде бағалаған.
Құрметті ағайын, нағыз қуаныш, нағыз мереке! Мұз үстіндегі әр қимылың, әр өнерің сені жай ғана чемпион емес, көпшілікке үміт пен сенім сыйлайтын үлкен тұлға ретінде көрсетті. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң – халқымыздың жүрегінде мәңгі қалған асыл азамат Денис Теннің жолын жалғап, ағаң алдындағы, ел мен жұрт алдындағы борышыңды жоғары деңгейде орындадың, – деді ол.
Сонымен қатар әнші Олимпиада кезінде өзінің әнін таңдағаны үшін де ризашылығын білдіріп, чемпионға жеке атынан көлік сыйлайтынын жеткізді.
–Алдағы өмір жолың ашық болсын, жаңа белестерді бағындырып, әлемдік аренадан әлі талай жеңіске жете бер! Олимпиадада менің әнімді таңдап, мені де бір қуантып қойдың. Осы орайда, аз да болса көптей көр, өз атымнан темір тұлпар сыйлаймын, – деп ағынан жарылды Димаш Құдайберген.
Еске салайық,Италияда өткен XXV қысқы Олимпия ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жарыста қазақстандық спортшы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды.