Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Астанада өтіп жатқан RES 2026 саммитінде Орталық Азиядағы климат өзгерісінің қарқыны күшейгенін айтып, өңірлік ынтымақтастықты арттыруға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мирзиёевтің айтуынша, өңірде жаһандық жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары.
Температураның көтерілуі жеделдеп келеді. Өңір аумағының үштен бірі шөлейттенуге ұшыраған, су ресурстары тапшылығы артып отыр, - деді Шавкат Мирзиёев.
Оның сөзінше, бүгінде 880 миллион гектар жер тозуға ұшыраған. Сонымен қатар жауын-шашын режимі өзгеріп, климаттық тұрақсыздық күшейіп отыр.
Президент халықаралық экологиялық ынтымақтастықтың әлсіреуіне алаңдаушылық білдірді.
Көп жағдайда декларациялар нақты ресурстармен қамтамасыз етілмейді. Климат өзгерісіне ең аз үлес қосқан елдер оның салдарымен жалғыз қалып отыр, - деді ол.
Осыған байланысты Мирзиёев дамушы елдерге климаттық қаржыландыру мен технологияларға қолжетімділікті арттыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар ол өңірлік бастамаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Орталық Азияға арналған жасыл күн тәртібі», климатқа бейімделу стратегиясы және тұрақты даму бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
Президент Өзбекстандағы экологиялық жобаларды да таныстырды.
“Яшил макон” жобасы аясында 1 миллиардқа жуық ағаш отырғызылды. Арал теңізінің құрғаған табанында 2 миллион гектардан астам жасыл белдеу қалыптастырылды, - деді ол.
Мирзиёевтің айтуынша, елде «жасыл» энергетиканың үлесі 30%-ға жеткен. Сонымен қатар Өзбекстан Париж келісімі аясындағы міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындап, парниктік газдар шығарындыларын 35%-ға қысқартқан.
2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға дейін азайтуды көздеп отырмыз, - деді президент.
Сондай-ақ қалдықтарды өңдеу бағытында ірі жобалар іске асырылуда. Жақын уақытта бірнеше қоқыс жағу зауыты іске қосылып, жыл сайын 5,5 млн тонна қалдық өңделіп, 2,2 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі деп жоспарланған.
Президент өңірлік ынтымақтастықты күшейту үшін бірқатар бастама ұсынды. Олардың қатарында:
- «Таза ауа» өңірлік альянсын құру;
- шөлейттенумен күрес орталығына өңірлік мәртебе беру;
- «жасыл сауда дәлізін» қалыптастыру;
- климаттық жобалардың бірыңғай пакетін әзірлеу;
- өңірлік экологиялық мониторинг жүйесін құру;
- Орталық Азияның Қызыл кітабын әзірлеу.
Сонымен қатар ол жастардың экологиялық бастамаларға қатысуының маңызын атап өтті.