- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Мирас Дәуленов: «Бұрын білім іздеп шетелге кетсек, қазір әлемдік стандартты өзімізге тартып жатырмыз»
Мирас Дәуленов: «Бұрын білім іздеп шетелге кетсек, қазір әлемдік стандартты өзімізге тартып жатырмыз»
Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 88 мемлекеттен келген 35 000-нан астам шетелдік студент білім алуда.
4 Қыркүйек 2026, 15:26
Қазақстанның болашақ даму бағыты табиғи ресурстар мен мұнайға емес, ең алдымен адами капиталға, сапалы білім беру жүйесі мен озық инновацияларға тікелей байланысты. Бұл туралы Coventry University Kazakhstan президенті, заң ғылымдарының докторы Мирас Дәуленов Халықаралық білім беру саласына арналған халықаралық «The PIE» басылымында жарық көрген «Building a nation of talent: Kazakhstan’s ambition for education and innovation» атты авторлық мақаласында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Автор мақаласында елімізде жүріп жатқан ауқымды реформалар мен 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция білім мен ғылымды мемлекеттің стратегиялық дамуының негізгі діңгегі етіп айқындағанын баса айты. Бүгінде елімізде 7 миллионнан астам бала өсіп келеді, ал жастарды қосқанда бұл көрсеткіш жалпы халықтың тең жартысын құрап отыр. Осы ретте сарапшы Президенттің білім саласындағы негізгі ұстанымына ерекше тоқталды.
«Біз – жеңімпаздар ұлтымыз». Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен жыл сайынғы Тамыз кеңесінде айтқан бұл сөзі тек ұлттық өршіл ұмтылысты ғана білдірмейді. Бұл – Қазақстанның болашағы дарынды ұрпақ тәрбиелеуге, білімді шыңдауға және ғылыми білімді инновацияға айналдыруға тікелей байланысты екенін терең түсінуден туған нық сенім, – деп жазды Мирас Дәуленов.
Сонымен қатар, ол Қазақстанның жас буыны өздерінің зияткерлік әлеуетін тек ел ішінде емес, жаһандық деңгейде де белсенді түрде дәлелдеп жатқанына нақты мысалдар келтірді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер жастардың дүниетанымы мен болашаққа болған көзқарасының түбегейлі өзгергенін аңғартады.
Жастарымыздың әлеуеті халықаралық аренада барынша танылып келеді. Мысалы, биыл қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми жарыстарға қатысып, 1000-нан астам медаль жеңіп алды, оның 200-ден астамы – алтын. Сонымен қатар, соңғы зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан жастарының 70%-дан астамы білімнің өзгеріс әкелетініне сенеді және оны дамудың басты қозғаушы күші ретінде көреді. Мұнда үлкен мән бар: жаңа буын ел болашағын мұнай немесе басқа да табиғи ресурстармен емес, білім, дағды және адами капиталмен байланыстырады, – деп атап өтті автор.
Мирас Дәуленов қазір жасанды интеллект пен заманауи жоғары технологиялар шапшаң дамыған шақта мемлекеттер арасында тек ресурстар үшін емес, «жаһандық дарындар үшін бәсеке» жүріп жатқанын айтты. Осы тартысты жаһандық бәйгеде Қазақстан өзін Орталық Азиядағы негізгі білім беру және академикалық орталық ретінде орнықтыруды мақсат етеді. Бүгінде елімізде 88 мемлекеттен келген 35 000-нан астам шетелдік студент білім алып жатса, алдағы бес жылда бұл межені 100 000-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Университет президенті жастарға жағдай жасау мен олардың әлеуетін арттыру мемлекеттің ертеңгі векторларын айқындайтын басты фактор екенін жеткізді.
Жастарға жағдай жасау туралы айтқанда, біз, ең алдымен, еліміздің болашақ бағыты туралы сөз қозғаймыз. Қазақстанның ертеңі жастарымыздың ауқымды ойлай алуына, жаңа идеялар ұсынуына, инновациялық бизнес құруына және ең бастысы – білім, табандылық пен қажырлы еңбек арқылы табысқа жете алатынына сенуіне тығыз байланысты, – деді ол.
Сарапшының пікірінше бұрынғыдай сапалы білім іздеп шетелге көшудің орнына, халықаралық білім беру стандарттарын елдің өзіне тартып, ғылым мен өндірісті ұштастырудың маңызы зор.
Егер Қазақстан жаһандық деңгейде бәсекеге түскісі келсе, ол жастарға «болашақтың қандай болатынын» сырттай таңумен шектелмеуі керек. Олардың арман-мақсатына құлақ асып, табысқа жетудің құралдарын ұсынуы және идеялары іске асатын жағдай жасауы қажет. Жастар үшін халықаралық білім беру ең басты арманның біріне айналды. Бүгінге дейін мұндай білімге қол жеткізу үшін шетелге кету керек болатын. Ал қазір жағдай түбегейлі өзгеріп келеді. Президент пен Қазақстан Үкіметінің қолдауының арқасында еліміздің жоғары білім беру жүйесі халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне жол ашты, – деп жазды автор.
Оның сөзінше, елімізде халықаралық университеттермен 40-тан астам стратегиялық серіктестік дамып келеді, сонымен бірге халықаралық университеттердің филиалдары ашылуда, соның жарқын мысалы – Coventry University Kazakhstan. Университет зерттеушілері Aston Martin, Mercedes-Benz, Lotus және Jaguar Land Rover сияқты компаниялармен тығыз жұмыс істеп, цифрлық өндіріс, электромобильдер мен авиация салаларында сараптамалық база қалыптастырып үлгерген.
Жасанды интеллект технологияларының білім беру жүйесіне әсерін саралай келе, автор негізгі басымдық ЖИ-дің өзіне емес, сол құралдарды терең меңгеріп, оны өз саласында тиімді әрі жауапкершілікпен қолдана алатын мамандарды тәрбиелеп шығаруға қойылатынына назар аударды.
Сондай-ақ, жаңа технологиялық заманда пайда болатын мамандарға деген сұраныс пен адами қасиеттер арасындағы байланысты былайша түсіндірді.
ЖИ-мен жұмыс істей алатын адамдардың бұған қауқарсыз жандарға қарағанда бәсекелестік артықшылығы жоғары. Қазірдің өзінде дата-инженерлерден, цифрлық шешімдер архитекторларынан бастап киберқауіпсіздік мамандарына, технологиялар этикасы бойынша сарапшыларға және интеллектуалды сервистерді әзірлеушілерге дейін сұраныстар артуда. Дүниежүзілік экономикалық форум технологиялық дағдылармен қатар адами қабілеттердің маңызы жоғалмайтынын ұдайы айтып келеді. Технология дамыған сайын сыни ойлау, пайымдау, креативтілік, төзімділік пен эмпатия сияқты қасиеттердің құны жоғарылай түседі, – деді Мирас Дәуленов.
Coventry University Kazakhstan басшысы дәстүрлі білім беретін университеттер заманы өткенін, бүгінгі ЖОО-лар икемді, пәнаралық және білімді өмір бойы шыңдауға бейімдейтін жаңа форматқа өтуі тиіс екенін ашып көрсетті.
Университеттер ендігі жерде тек «білім беруші» рөлімен шектеле алмайды. «Бізде ЖИ бойынша курс бар» деу жеткіліксіз. Нағыз міндет – жасанды интеллектті абитуриенттерді қабылдау мен академикалық қолдаудан бастап, сабақ беру, бағалау және студенттік сервистерге дейінгі бүкіл білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Университеттер студентті бір ғана мамандыққа баулып, бұл оған өмір бойы азық болады деп ойлайтын заман өтті. Олардың рөлі әлдеқайда кең: өзгеріске бейім, үнемі ізденетін, қайта үйренуден қашпайтын, шектеулерді еңсере алатын және дайын шаблондармен жүрмей, жаңаны жасай алатын тұлға қалыптастыру, – деді ол.
Автор сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның географиялық орналасуы мен Батыс пен Шығыстың академикалық дәстүрлерін ұштастырудағы бірегей мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.
Қазақстанның Орталық Азиядан ғана емес, Еуропадан, Оңтүстік Азиядан, Таяу Шығыстан студенттер мен зерттеушілерді тартатын білім мен дарындардың бірегей халықаралық орталығына айналуға толық әлеуеті бар. Шығыс пен Батыстың тоғысында орналасқан географиялық орнымыз түрлі академикалық мектептерді, білім беру үлгілері мен ойлау жүйесін біріктіруге зор артықшылық береді, – деп түйіндеді сарапшы.
Ең оқылған:
- 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың зейнетақы жинағына қатысты не өзгереді?
- Астанада саяхатшы қыздың «ұрланған» велосипеді құрбысының үйінен табылды
- Димаш Құдайберген Президент сыйлаған тазысын көрсетті
- Ербол Мырзабосынов, Саясат Нұрбек: Екі министр тағайындалды
- Мұрат Қайырбек Президенттің Құрылтайдағы өкілдігінің басшысы болып тағайындалды