Министрліктерде Қытайдан әкелінген елтаңба ілініп тұр

8 Шілде 2022, 11:25
3742
Бөлісу:
Министрліктерде Қытайдан әкелінген елтаңба ілініп тұр
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы мемлекеттік елтаңбаның жаңа стандартын әзірлеушілердің әрі өндірушілердің бірі Михаил Скачков айтты.  


Михаил Скачков – елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен бірге Елтаңбаның жаңа стандартын әзірлеуге белсене қатысқан азамат. Оның айтуынша, елтаңбаны қазіргі стандартқа сай жағдайға келтіру үшін 8 жылдай уақыт кеткен. Елтаңбаның жаңа стандарты 2014 жылы бекітіліп, 2016-2017 жылдары ескі елтаңбалар жаңа стандартқа сай нұсқаларына ауыстырыла бастаған. 

Біз елтаңбаны алып сатумен емес, өндірумен айналысатын, лицензиясы бар санаулы компаниялардың біріміз. Кейбір компаниялар Қытайдан дайындамаларды немесе дайын өнімді сатып алып, өзінің жапсырмаларын жабыстырып, елтаңбаны өз өнімі сияқты сатады. Сондықтан нарық сапасыз өнімге толады. Өйткені Қытай сапаға да, стандарттар  жазылған талаптарға да қарамайды, - дейді кәсіпкер.  

Михаил Скачков бұл заңда тыйым салынған контрафактілік өнім болғанымен, мұндай заңсыз сауда бәрібір тоқтамай тұрғанын айтады. Ол сондай-ақ басты мәселе мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезіндегі техникалық талаптарда мемлекеттік рәміздер тауар сияқты сатып алынатынында екенін алға тартады. Өйткені рәміздерді тауар сияқты сатып алған кезде лицензия талап етілмейді.

Заң бойынша мемлекеттік рәміздерді өндіретін компанияның міндетті түрде лицензиясы болуы керек. Сол лицензияны алу үшін біз көптеген тексерістен өтеміз. Оған қоса бізде сызғыш, рулетка, штангенциркуль сияқты арнайы өлшеу құралдары бар. Біз оларды Стандарттау институтына жыл сайын апарып, тексертіп отыруымыз керек. Тексертпеген жағдайда 200 мың теңге көлемінде айыппұл төлейміз, - дейді Скачков.
 

Бірақ кәсіпкер мемлекеттік сатып алу нарығындағы байқауларда мемлекеттік рәміздерді өндіруде түсінігі де, лицензиясы да жоқ күмәнді компаниялар жеңіске жететінін ашына айтады.

Біздің лицензиямыздың бары мемлекеттік сатып алу нарығында бізге ешқандай артықшылық бермейді. Мысалы, Қытайдан сатып алып, қайта сатумен айналысатын компаниялар өндіріске біз сияқты ақша құртпайды. Сәйкесінше, бағалары бізден әлдеқайда арзан болады және мемлекеттік байқауларда жеңіске жетеді. Сондықтан көбінесе мемлекеттік мекемелер мен министрліктерде Қытайдан әкелінген елтаңба ілініп тұр, - дейді маман.

Өзгелердің жаңалығы