Министрлік жұртшылықтың талап-тілегін ескермей отыр. Депутат министрге сауал жолдады.

25 Мамыр 2023, 18:28
609
Бөлісу:
Министрлік жұртшылықтың талап-тілегін ескермей отыр. Депутат министрге сауал жолдады.
Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Қазбек Әлішев Премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады, деп жазады BAQ.KZ.

Депутат Әлішевтің мәлімдеуінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамытуды және инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізетін бұйрықтардың жобасын әзірледі. Алайда аталған өзгерісте етті мал және қой шаруашылығын субсидиялаудың 8 бағытын, соның ішінде шалғайдағы жайылымдарда шопандар үшін вагондар сатып алуға, сонымен бірге құдықтар мен ұңғымаларға арналған су көтергіш сорғыларды субсидиялауды алып тастаған.

Жаңа ережелер шалғайдағы жайылымдарда құдықтар салу кезінде субсидиялау нормативін 2 есеге қысқартады, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің аналық табынды көбейту үшін асыл тұқымды бұқалар мен қошқарларды жалға алу және басқа да қолдау түрлеріне кедергі келтіреді, - деді ол.

Мәжіліс спикері өзгерістер қоғамда қарапайым шаруадан бастап сала сарапшыларының наразылығын туғызуда екенін атап өтті.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, 21,6 мыңнан астам фермерлік қожалықтар бір мезгілде мал шаруашылығын дамытуға тиісті субсидиялардан айырылады, бұл саланың дамуын шектейді. 32,5 млрд теңге бюджеттік субсидиялар етті мал мен қой шаруашылығы саласынан алынып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша астық өндірушілерді қолдауға бағытталады, - деді депутат.

Ол мәлімдемесінде Мемлекет басшысының 50 млн га шалғынды жайылым жерлерді айналымға енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін салалық министрлік қалай орындайтыны түсініксіз болып қалғанын айтады.

Сонымен бірге тұқымдық түрлендіруге қатысатын ІҚМ аналық басының үлесін 40 пайызға дейін жеткізу мен экпорт көлемінің 2,5 есе өсуі қалай жүзеге асырылмақ? Биылдың өзінде «AMANAT» партиясының жанындағы жобалық кеңсе арқылы жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының өз кәсіптерімен айналысуына 2,5 пайыз мөлшерімен 100 млрд теңге несиелер бөлінуде. Жобаға қатысушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген. Жоба аясында ауыл тұрғындарының ІҚМ мен қой аналықтарын қалай тұқымдық түрлендіру бағдарламасына қатыстырмақ?, - деді Әлішев.

Қазіргі таңда елімізде мал шаруашылығы Аграрлық несие корпорациясының қалдық қаражат бөлу деңгейінде қаржыландырылады.

Етті мал шаруашылығы – қарқынды дамып келе жатқан сала. Ауыл шаруашылығымен айналысушылардың жартысы ет шаруашылығында жұмыс істейді. Соңғы 11 жылда салада 25 мыңнан аса шаруа қожалықтары құрылып, ірі қара мал басының өсімі - 3,3 миллион бас, сиыр мен қой етіне деген қажеттілік отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етіліп, шаруашылықтың тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Министрліктің шаруалар мен жұртшылықтың талап-тілегін ескермеуі олардың Мемлекет басшысы белгілеген Әділетті Қазақстан саясатына сенімсіздік танытуына мәжбүр етеді, - деді Әлішев. 

Айтылғандардың негізінде: 
1) тиiстi мемлекеттiк органдарда жоғарыда көрсетiлген қағидалар жобасын келісуді тоқтатып және бұйрық жобасын қайта пысықтауды;
2) мал шаруашылығы саласын қаржыландыру және қолдау саясатын әзірлеу үшін барлық мүдделі салалық қауымдастықтар мен одақтарды, салалық сарапшыларды, ғылыми ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, министрлік деңгейінде кеңейтілген жұмыс тобын құруды сұраймыз.

Өзгелердің жаңалығы