Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Министрлік грант ала алмай қалған талапкерлерге үндеу жасады

7 Тамыз 2025, 21:07
797
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылғы мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы бойынша грантқа ілікпеген талапкерлерге арнап ресми үндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомство биылғы конкурстың аса жоғары деңгейде өткенін, ал өтініш саны өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп болғанын атап өтті. Дегенмен, 77 мыңнан астам талапкер мемлекеттік грант иегері атанған.

Егер сіз биыл мемлекеттік білім грантын ала алмасаңыз – бұл үмітіңізді үзуге себеп емес. Грант – бұл тек бір мүмкіндік қана. Ал сіздің талпынысыңыз, білімге деген құштарлығыңыз бен табандылығыңыз – табысқа апарар нағыз қозғаушы күш, – делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Гранттан өзге де қолдау түрлері бар

Министрлік мемлекеттік гранттан бөлек, өзге де білім беру қолдау құралдары бар екенін еске салды:

• Ректор гранттары – еліміздегі жоғары оқу орындарында 2000-нан астам орын. Мысалы, «Туран-Астана» университеті «Алтын белгі» иегерлеріне және ҰБТ-дан 100 балдан жоғары жинаған озаттарға 4 жылдық ректор гранттарын ұсынады.
• Әкімдіктер гранттары – сұранысқа ие мамандықтар мен әлеуметтік осал топтар үшін 1700-ден астам орын жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінген.
• Жұмыс берушілердің мақсатты гранттары – университеттермен жасалған келісім негізінде, кейінгі жұмыспен қамтуды қарастырады.
• Демеушілік және қайырымдылық гранттар:
• «Қазақстан халқына» қоры – 500 грант;
• KAZENERGY қауымдастығы – инженерия, IT және өзге де салалар бойынша бағдарлама;
• «Қазатомөнеркәсіп» – ауыл жастарына арналған Murager бағдарламасы.

Гранттан бас тартқандар орны босайды

Министрлік кейбір талапкерлер гранттан бас тартуы мүмкін екенін, сол кезде келесі үміткерге мүмкіндік берілетінін еске салды. Сонымен қатар, жақсы үлгерім көрсеткен жағдайда ақылы оқудан тегін бөлімге ауысуға болатынын да атап өтті.

Мақсатына сенген адам – ешқашан жолдан жаңылмайды, – деді министрлік өкілдері.

Еске салсақ, бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімін жариялады.

Грант иегерлерінің тізімі жарияланған сәттен бастап, әлеуметтік желілерде ондаған әсерлі видео пайда болды. Жас түлектер, олардың ата-аналары мен жақындары көз жасына ерік беріп, қуаныштан айқайлап, бір-бірін құшағына алып жатқан сәттерін бөлісіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы