Ауыл шаруашылығы министрлігі мал өсірумен айналысатын фермерлерге хабарлама жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек биыл жем-шөп жеткілікті болатынын жеткізді.
Биыл жемдік астық көп болады. Оған қазіргі таңда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» фураждық астықты сатып алу бойынша 20 млрд теңге бөлек бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Қажет болған жағдайда мал өсірумен айналысатын фермерлерге қосымша көмек көрсетіледі, - деді ол.
Сонымен қатар вице-министр атап өткендей, өткен аптада «Қазақстан темір жолы» Маңғыстау облысындағы фермерлерге жем-шөп жеткізу үшін 80% тарифін түсірген.
Өңірлерде азық дайындау жоспары орындалып жатыр. Азық жетіспейтін облыстарға басқа өңірлерден астықтар тасымалданады, - деп түсіндірді Әбілхайыр Тамабек комитеттің кеңейтілген отырысында.