Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы жастар мен гендерлік теңдік мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианы қабылдады.
Жүздесу барысында өзара ынтымақтастық мүмкіндіктері, оның ішінде гендерлік теңдік, жастар саясаты, экстремизмнің алдын алу және ақпараттық жұмыс мәселелері талқыланды.
Кездесуде Катаржина Вавьерниа гендерлік теңдік мәселелері бойынша мемлекеттік мекемелерге арналған (GESPI) сертификаттау бағдарламасын ұсынды.
Бұл бағдарлама мемлекеттік органдардың халықаралық стандарттарға қаншалықты сәйкес келетінін бағалауға көмектеседі және жұмысты жақсарту үшін нақты қадамдар ұсынады.
Өз кезегінде Аида Балаева гендерлік теңдікті Мәдениет және ақпарат министрлігі деңгейінде ілгерілетуге деген ниетін растай отырып, бұл бастамаға қолдау білдірді. Аталмыш бағдарламаға қосыла отырып, министрлік Қазақстан үшін жақсы үлгі бола алады және мемлекеттің гендерлік теңдік мәселелері бойынша аймақтағы беделін жақсарта алады.
Сонымен қатар, кездесуде әйелдердің саяси рөлін және олардың гендерлік-сезімтал саясатты қалыптастыруға және шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндіктерін күшейту үшін Қазақстанда әйелдердің саяси желісін құру туралы ұсыныс айтылды.
Бұдан бөлек, жиында БҰҰ Даму бағдарламасының Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу жөніндегі бастамасы шеңберінде тәуекел топтағы жастарды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бағытталған жастармен жұмыс мәселелері талқыланды.