Министрлік әуежайларда тексерілмейтін тұлғалардың тізіміне қатысты түсініктеме берді

28 Сәуір 2022, 11:41
1130
Бөлісу:
Министрлік әуежайларда тексерілмейтін тұлғалардың тізіміне қатысты түсініктеме берді
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұқаралық ақпарат құралдарында көлік инфрақұрылымы объектілерінде тексерілмейтін тұлғалардың тізімінің бар болуына қатысты жарияланған ақпаратқа байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түсініктеме берді. 

Бұл тізім  Үкіметтің 2014 жылғы 18 шілдедегі № 817 қаулысымен бекітілген. Алайда, заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты 2021 жылдың соңында мұндай тізбені бекіту құқығы көлік саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілді, - делінген хабарламада.

Осы шешімге сәйкес 2022 жылғы 18 сәуірде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі № 213 бұйрыққа қол қойып, бұрын қолданыста болған тізімдер қайта бекітілді:

- тексеру жүргізілетін көлік инфрақұрылымы объектілерінің тізімі;

- тексеру жүргізілмейтін тұлғалардың тізімі;

- көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың тізімі.

Айта кетерлігі, аталған бұйрық тек вокзалдар, метро станциялары мен теңіз портына, әуежайларға, жолаушылар терминалдары жоқ әуе айлақтарына кіру кезінде тексеруге қатысты жүзеге асырылады. Алайда бұл құжат Қазақстан Республикасының кеден және шекара қызметі органдарының тексеру жүргізу талаптарына қатысты қолданылмайды, - делінген министрлік хабарламасында.

 Анықтама: "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" заңның 24-1-бабының талаптарына сәйкес терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамада белгіленген қауіп-қатер деңгейіне байланысты жолаушылар және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдар, олардың алып жүретін заттары, оның ішінде қол жүгі мен багажы тексеріледі. 

Өзгелердің жаңалығы