Министр жылыту маусымына дайын емес облыстарды атады

14 Қыркүйек 2021, 10:05
1794
Бөлісу:
Министр жылыту маусымына дайын емес облыстарды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жылыту маусымына дайын емес аймақтарды атады.

Энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығы жалғасып жатыр. Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр стансалардағы 4 энергоблок, 18 қазан, 19 турбина жөнделді. Ал 2 энергоблок, 25 қазан мен 16 турбинаны жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні жоспар бойынша 20 464 км электр беру желілерінің 16 773 км жөнділді, сондай-ақ 462 қосалқы стансаның 316-сы қалпына келтірілді, - деді министр.

Айтуынша, бұл желілер бойынша жылдық жоспардың 67%-ын, ал қосалқы стансалар бойынша 68%-ын құрайды.

Атырау, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында электр стансаларының негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдері сақталмаған. Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті облыс әкімдіктерімен бірлесіп, энергетикалық кәсіпорындардың алдағы жылыту маусымына дайындығына тұрақты бақылау жүргізді. Сонымен бірге электр стансаларындағы жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау бойынша шаралар қабылдап жатыр, - деп баяндады Мырзағалиев Үкіметте.

Министр баяндағандай, жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 485 қазандықты жылыту маусымына дайындау үшін 1 209 қазанның 925-іне жөндеу жүргізілді.

Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстары бойынша жоспардан артта қалып келеді. Бұл алдағы жылыту маусымының сенімді өтуіне қауіп төндіреді, - деп толықтырды Энергетика министрі.
Өзгелердің жаңалығы