Министр Үндістаннан жүлделі оралған боксшылармен кездесті

13 Сәуір 2023, 11:01
926
Бөлісу:
Министр Үндістаннан жүлделі оралған боксшылармен кездесті
Фото: ҚР МСМ баспасөз қызметі

Мәдениет және спорт министрі Үндістанда өткен әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық боксшылармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Асхат Оралов өзінің Faсebook-тегі парақшасында жазды. Айтуынша, турнир оңай болған жоқ, бірақ қыздар жақсы өнер көрсетті.

Министр Үндістаннан жүлделі оралған боксшылармен кездесті

Үндістанда өткен әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық боксшылармен, атап айтқанда, күміс медаль иегерлері Ләззат Күнгейбаева мен Карина Ибрагимова, сондай-ақ қола жүлдегерлер - Алуа Балқыбекова, Надежда Рябец, Валентина Хальзова және Фариза Шолтаймен кездестім. Спортшыларымызды әлемдік біріншілікте лайықты өнер көрсетуімен құттықтап, бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Шамиль Сафиуллинге алғыс хат табыс еттім. Турнир оңай болған жоқ, бірақ қыздар жақсы өнер көрсетті, - деді ол.

Сонымен қатар министр спортшылармен Париж Олимпиадасына дайындық мәселесін талқылағанын айтты.

Кездесу барысында спортшылармен Париж Олимпиадасына дайындық пен олимпиадалық лицензия алу мәселесін талқыладық. Мен олардан жаттығу және қалпына келтіру процестерін қалай жақсартуға болатыны туралы сұрадым және олардың ұсыныстарын мұқият тыңдадым. Қыздар физиологтарға, спорт психологтарына мен фармакологтарға қажеттілік бар екенін жеткізді. Олардың айтқан ұсыныс-пікірлерін бақылауға алдым, - деді Оралов.

Министр Үндістаннан жүлделі оралған боксшылармен кездесті

Бокс - Қазақстандағы басты және ең танымал спорт түрлерінің бірі. Ведомство басшысы, еліміз әлемге көптеген чемпиондарды сыйлағандықтан, қазақстандықтар әрбір турнирден алтын медаль күтіп, боксшыларымыздың өнерін жіті қадағалайтынын айтты. Ол Әйелдер құрамасына алдағы жарыстарда жарқын жеңістер мен табыс тіледі.

Еске салсақ, Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Нью-Делиде өткен әлем чемпионатын сәтті аяқтады. Ел қоржынына алты медаль түсті. Карина Ибрагимова (57 келіге дейін) пен Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) екінші орынды иеленді.

Сонымен қатар команда қоржынында төрт қола медаль бар. Оларды Алуа Балқыбекова (48 келіге дейін), Надежда Рябец (66 келіге дейін), Валентина Хальзова (75 келіге дейін) және Фариза Шолтай (81 келіге дейін) жеңіп алды.

Өзгелердің жаңалығы