Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, цифрландыру қызметтің барлық салаларына белсенді енгізіліп жатыр.
Қылмыстық-құқықтық тәжірибе де ерекшелік емес, өйткені ішкі істер органдары елдегі барлық тергеу істерінің 95 пайызды құрайды. Бұл – өте үлкен көлем. Қызметкерлерге жүктемені азайту мақсатында тергеудің электрондық форматы енгізіледі. Жыл қорытындысы бойынша полиция осындай тәртіппен қылмыстық істердің 91 пайызын, 207 мыңның 193 мыңын тергеді. Сонымен қатар тергеу әрекеттерін бейнетіркеу әдісі кеңінен қолданылады. Бұл ретте бейнематериалдың мазмұнын қайталай отырып, егжей-тегжейлі хаттама жасалады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр бұл ескірген және бюрократиялық талаптар деп отыр.
Осыған байланысты, Қылмыстық-процессуалдық кодекске қысқаша хаттама жасауды көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады. Онда техникалық құралдарды қолдану, өткізу уақыты, сондай-ақ деректердің қысқаша мазмұны туралы ақпаратты көрсету жеткілікті. Бұл азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, уақыт пен еңбек ресурстарына шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, - деді Марат Ахметжанов.
Сенаттың жалпы отырысында «Қылмыстық сот ісін жүргізу, жаза атқару саласындағы адам құқықтары, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.