Министр оңтүстік өңірлерде жарықтың неге сөніп қалғанын түсіндірді

14 Ақпан 2022, 13:42
1236
Бөлісу:
Министр оңтүстік өңірлерде жарықтың неге сөніп қалғанын түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов хабарлады. 

Оның айтуынша, биыл 25 қаңтарда сағат 11:59-да Орталық Азияның энергия жүйесінде электр энергиясын өндірудің күрт төмендеуіне байланысты 500 кВ «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзитіне шамадан тыс жүк түскен.

«KEGOC» АҚ-ның алдын ала ақпараты бойынша Өзбекстандағы Сырдария ЖЭС-індегі 500 кВ тарату құрылғысындағы қысқа тұйықталу салдарынан, жалпы қуаты 1000 МВт болатын 4 энергия блогы қорғаныс әрекетінен ажыратылды, бұл жиіліктің 47 Гц-ке дейін күрт төмендеуіне және Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесінің бөлінуіне әкелді, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол электр желілерінің бұзылуына және ірі жүйелік аварияның өршуіне жол бермеу мақсатында «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзиті аварияға қарсы автоматиканың дұрыс жұмыс істеуі арқылы бөлінді деп отыр. 

Бұл Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларын толық ажыратуға жол бермеді. Аварияға қарсы автоматиканың әрекетімен Жамбыл МАЭС, Шымкент ЖЭО-3, Қызылорда ЖЭО-6 және Алматы облысының электр станциялары тұтынушыларды жылумен және электрмен жабдықтауды сақтай отырып, толық тоқтауға жол бермеді, - деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы