Мемлекеттік органдарды цифрландыруда бірқатар проблема бар – Мусин

16 Қазан 2020, 14:43
1417
Бөлісу:
Мемлекеттік органдарды цифрландыруда бірқатар проблема бар – Мусин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік органдардағы цифрландыру кемшіліктеріне IT мамандар кінәлі деп санайды.
 

Ол Сенаттағы Үкімет сағатында мемлекеттік органдарды цифрландыруда бірқатар проблема бар. Бұл бірінші кезекте IT мамандарының әлсіз кадрларына байланысты деп баяндама жасады.

Талдау көрсеткендей, орталық және жергілікті атқарушы органдардың IT құрылымдық бөлімшелерінде 500-ден астам қызметкер бар, олардың 50%-дан астамының IT мамандығы жоқ. Бұл мемлекеттік органдардағы еңбекақының бәсекеге сай болмауына байланысты. Мемлекеттік органдарды цифрландыру проблемаларын жүйелі шешу үшін кадрлар мен біліктілік мәселесіне мән беру керек.Сегіз мемлекеттік органда цифрландыру бағытында дербес жауапты вице-министрлер бекітілді. Бірақ та олармен жұмыс атқаратын 500-ден астам адамның орташа жалақысы 150 мың теңгені құрап тұр. Олардың деңгейін де көтеру керек. Сондықтан біз цифрлық құзірет орталығын ашамыз. Онда жүйелік талдау, процестердің реинжинирингі, деректерді басқару және басқа бағыттарда осы қызметкерлердің біліктілін арттырамыз, - деді министр. 

Сенатор Алтынбек Нұхұлы да осы мәселені көтерді. Оның айтуынша, IT-мамандықтары түлектерінің басым бөлігі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 

Жаңа оқу жылында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығына жоғары оқу орындарына 8,5 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Оқу орнын бітірген кезде бұл кадрлар өңірлерде де, облыс орталықтарында да цифрландыру жұмысында маңызды рөл атқаруы үшін жағдай жасау қажет. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жағдайы жақсарды. Ал енді біз экономика саласында ғана емес, мемлекетіміздің барлық салаларын дамытуда да аса маңызды рөл атқаратын цифрландыру уақытының мамандарына арнайы құқықтық қолдау көрсету қажеттігі туралы ойлауға тиіспіз, - деп атап өтті Сенат депутаты. 

Министр, сонымен қатар, экспресс талдау жасағандарын, қазіргі кезде бір ғана Денсаулық сақтау министрлігінде 50-ден аса ақпараттық жүйе бар екенін айтты.

 

Біз олардың тек 24-ін ғана көрдік, қалған 28-і біз үшін белгісіз болды. Біз құзыретті министрлік ретінде олардың бар екенін білмедік. Мұндай сұрақ неден туындады? Біріккен IT-архитектура толыққанды жасалмаған, яғни ол жасалса да министрліктер оған сай жұмыс істемейді. Ведомство құрылымындағы ұйымдардың ішінде тиісті ақпараттық жүйелерді стандарттарға сәйкес емес жасайды, салдарынан олар бізге көрінбейді. Сол себепті дәрігерлер бірнеше жүйеде жұмыс істеуде. Әрине, бұл жағдай қызмет көрсету уақытын ұзартады, - деді Бағдат Мусин. 


 

Өзгелердің жаңалығы