Министр: Балалардың кітап оқу мәдениетін көтеруіміз қажет

3 Наурыз 2021, 20:48
2145
Бөлісу:
Министр: Балалардың кітап оқу мәдениетін көтеруіміз қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ұлттық кітапханада еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында өңірлерден келген шығармашыл балалармен кездесті.

Сонымен қатар іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, ақын, балалар жазушысы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Əлімжанов, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кəпұлы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Ақтоты Райымқұлова Мəдениет жəне спорт министрлігі 2021-ді «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы», -деп жариялағанын, осы жылы атқарылатын іс-шаралар жайлы айтып өтті.

Биыл ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған Тəуелсіздікке 30 жыл толып отыр. Елбасы Н.Назарбаев: «кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойлауымыз керек,- деген үндеу жолдаған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық жəне спорттағы əлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез»,-деп ұлы ақын Абай атамыз айтқандай, ендігі жерде кітап арқылы балалар мен жасөспірімдеріміздің тәрбиесіне үңіліп, олардың кітап оқу мәдениетін көтеруіміз қажет. Алдағы уақытта Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,-деген сөзі балаларымыздың бой түзер бағдары болуға тиіс. Яғни, біздің ұрпағымыз өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Соның ішінде туған жерге, қоршаған ортаға, өз тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарап, ортасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге тиіс. Осы орайда 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялау дәл осы бағыттағы өте қажет, дұрыс бастама деп санаймын. Өз кезегінде Министрлік балаларымыздың шығармашылық қабілеті мен жаңа бастамаларына әрқашан да қолдау көрсетуге дайын, - деді министр.
Өзгелердің жаңалығы