Министр Арыстан Жамбыл облысына қанша тонна қару жеткізілгенін айтты

28 Тамыз 2021, 17:41
14215
Бөлісу:
Министр Арыстан Жамбыл облысына қанша тонна қару жеткізілгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Сарыкемер ауылында Жамбыл облысындағы жағдайға қатысты БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Журналистердің бірі қоймада сақталған қаруға қатысты сауал жолдады.

Байзақтағы әскери бөлімде 500 тоннадай қару сақталған деді, қаншасы жарылды, жарылмағаны қанша? Жалпы Арыстан осында қанша тонна қару жеткізілген еді? Сосын Арыстың өзге қарулары болған, ракеталар болды. Оларды сақтауға бұл ауылдан басқа, бұл қоймадан басқа қай жаққа әкетіп едіңіздер?, - деді ол.
Министр жарылыс болған жер әскери қойма емес, оқ-дәрілер базасы екенін атап өтті.
Біріншіден, бұл әскери қойма емес, оқ-дәрілер базасы. Өйткені терминология бойынша қойма бар, сақтау орны бар, база бар, арсенал бар. Арыста арсенал болатын. Мына жерде база, арсеналдан кіші. Бұл базада тек инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Инженерлік оқ-дәрілер жарылғанда ұзақ қашықтыққа ұшпайды, ол бір. Екіншіден, оның көлемі, саны Арыстан 7-8 есеге аз. Сондықтан Арысқа қарағанда қауіпсіздік жағынан әлдеқайда жоғары. Тағы да бір фактор олар ұзаққа ұшпайды. Арысқа қарағанда тұрғын үйлер алыс жерлерде, базадан алыста орналасқан. Жақында жерде орналасқан адам саны көп емес, - деді Ермекбаев.
Ол Арыстан келген қарулардың жалпы көлемі жалпы оқ-дәрілердің 3-тен бір бөлігін құрайтынын атап өтті.
Көп емес. Оның үстінде онда тек инженерлік оқ-дәрілер бар. Арыстан әкелген қарулар жарылыстың шығуына себеп болмаған. Өрт тротил сақтаған қоймада басталған. Тротил Арыстан әкелінбеген, - деді министр.
Қорғаныс министрлігінің басшысы Арысқа қарағанда, мұнда неге адам шығыны көп болғанын түсіндірді.
Өкінішке қарай, қаза тапқандар Арысқа қарағанда көп, осы сәтке дейін 13 адамның оқиға орнында қаза болғаны анықталды. Олардың бәрі әскери қызметшілер және өрт сөндірушілер. Олар енді батылдық танытып, өртті сөндіреміз деп өз өмірлерін құрбан етті, - деді ол.
Айта кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде жойқын жарылыс болды. Салдарынан 13 адам көз жұмды. 98 адам жарақат алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Өзгелердің жаңалығы