Министр 1 миллион ауыл тұрғынының кірісін арттыратын жоспарын таныстырды

20 Сәуір 2021, 10:25
1875
Бөлісу:
Министр 1 миллион ауыл тұрғынының кірісін арттыратын жоспарын таныстырды

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыруға байланысты жоспарын айтты.

Аталған министрлік Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеп жатыр екен. Онда бірқатар әлеуметтік-экономикалық міндет қарастырылған:

• тұрақты түрде 1 млн ауыл тұрғынының кірісін арттыру;
• 70 мың отбасылық шаруашылық құру;
• Ауыл шаруашылығы саласында 500 мыңға дейінгі адамды жұмыспен қамту;
• 350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тарта отырып, 7 экожүйе құру.

Осы міндеттерді орындау үшін ауылда жаңа инвестициялық жобалар іске асырылатын болады. Олар тұрақты жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, сондай-ақ қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету үшін салаға 4,5 трлн теңгеден астам қаржы тарту жоспарланып отыр,- дейді Сапархан Омаров.

Оның айтуынша, 5 жылда 4,5 трлн теңгеге 845 инвестициялық жобаны іске асыру ойда бар. Жобалар әкімдіктермен және инвесторлармен пысықталған.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйені құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес іске асырылатын болады. Ауылды қолдаудың қосымша шарасы ретінде алдағы 5 жылда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 250 млрд теңгенің 50 мың шағын несиесін беру жоспарланды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін етті мал шаруашылығын дамытатын 2500 шаруашылыққа 175 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі. Қой шаруашылығында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам шаруашылыққа 117,2 млрд теңгенің несиесін беру жоспарланып отыр,- дейді министр.

Сонымен қатар «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жыл сайын көктемгі егін егу және күздегі егін жинау жұмыстарына 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінеді.

Өзгелердің жаңалығы