Минералды тыңайтқыштар бағасын төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр

17 Наурыз 2022, 15:46
1756
Бөлісу:
Минералды тыңайтқыштар бағасын төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, фермерлер үшін барлық жағдай жасалған. 

400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді, фермерлер тұқыммен қамтамасыз етілді, техниканың дайындығы 92% деңгейінде (егіс жұмысы басталарда 100% болады), жалпы соманы 140 млрд теңгеге дейін жеткізе отырып, қаржыландыру көлемін 70 млрд теңгеге ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қаржыландыруға 80 млрд теңгеге дейін бағыттайды, бұл өткен жылғы деңгейден 2 есе көп.

Айта кету керек, ағымдағы жылы АӨК мемлекеттік қолдау жүйесі өзгеріссіз қалады, бұл фермерлерге қосымша қиындықтарсыз егіс жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді.

АШМ-ның мәліметінше,  29,7 млрд теңге көлемінде пестицидтерді субсидиялау бағдарламасын қаржыландыру қамтамасыз етілді, бұл егіс алаңын 100% өңдеуге мүмкіндік береді. Шамамен 659 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдай фермерлерді отандық минералды тыңайтқыштардың бағасын төмендету мәселелерін объективті түрде көтеруге мәжбүр етеді. 

Тыңайтқыштардың құны түпкілікті өнімнің бағасына, сондай-ақ жалпы сатып алу қабілетіне әсер ететінін ескере отырып, Премьер-министр Ә.Смайыловтың тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп минералды тыңайтқыштардың бағаларын төмендету бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізуде. 

Осылайша, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р. Склярдың төрағалығымен «ҚазАзот» компаниясының басшылығымен өткен кеңесте тараптар отандық аммиак селитрасының бағасын биылғы 16 наурыздан бастап 200 мыңнан 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешімге келді. 

Сапалы егіс науқанына дайындық мәселелері ерекше бақылауда және Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде берілген тапсырмасына сәйкес күшейтілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы