Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жақында әріптесі Мақсат Толықбаймен бірге Түркістан облысына барып, заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен нысандарды аралады. Олар Премьер-министр Әлихан Смайылов пен еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловқа сауал жолдап, кешенді тексеріс жүргізуді сұрады деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірінші мәселе:
Біздің сіздерге жолдап отырған ашық үндеуіміз Түркістан облысынан келіп жеткен көпшіліктің арызынан анықталған жергілікті органдардың күмәнді әрекетіне байланысты. Бұл жағдайларды көптің сөзінен ғана емес, біз барып көзімізбен көріп, білгендіктен өздеріңізге баяндауды жөн көрдік. Түркістан қаласындағы аумағы 2100 шаршы метр болатын "Неке сарайын" 2021 жылы жекенің жемі сау еткен. Жем сау емей немене егер кәсіпкер басқаруындағы нысаннан былтыр бюджетке 15 мың теңге аударса...
15 миллион емес, 15 мың теңге. Ал талап бойынша ол табысының кем дегенде 50 пайызын қазынаға құюға міндетті еді. Сонда Неке сарайының ішіндегі қызмет көрсететін сұлулық салондары, той ұйымдастыру орталығы, фото, видео студиялар және дәріханалардың бәрі жабылып бір жылда 30 мың теңге пайда тапты дегенге кім сенеді? Тексеру керек деп ойлаймыз, - деді депутаттар.
Екінші заңсыздық:
Сонымен қатар ЮНЕСКО клубының құрамында тұрған жүздеген баланы тәрбиелеп отырған жалғыз қолөнершілер мектебі мейрамханаға айналып кетсе, мәдениетімізге, ұлттық құндылықтарымызға мұрагер бола алатын ұрпақтың болашағына балта шабу емей немене? Хас шеберлер қазір қаңғып, далада жүр.
Үшінші:
Дәл соған ұқсас қазақ шеберлерінің көрнекті көрмесіне айналады деген Визит орталығының да айналасында қазір үлкен дау туып жатыр. Жекешелеген нысан айғай-шудан кейін қайта мемлекет меншігіне өткен, бірақ сол орталықтың өзін мемлекет миллиондаған коммуналдық қарызбен қайтарып алған. Мекемені біреу меншігіне алады көл-гөсіп пайда табады сосын су мен шығынды өзің төлеп ал деп мемлекетке қайтара салады. Біздің мемлекет оны ала салады, - деді Мәжіліс өкілдері.
Төртінші:
Депуттар "ұят та болса моншаға қарай бет бұрып" тағы бір заңсыздық туралы айтты.
Ауданы 3145 шаршы метр болатын "Шығыс моншасы" да 2020 жылы жекенің басқаруына өткен. Сыйымдылығы - 90 адам. Күніне кемі 90 адам қабылдайтын моншадан жылына қанша теңге пайда болатынын есептеу үшін асқан математик болудың қажеті шамалы. "Шығыс моншасы" 2022 жылы табыстың 50 пайызы ретінде жергілікті бюджетке 557 мың теңге аударған. Қалған қаржы қайда?
Бесінші:
Түркі әлемінің мәдени астанасы болған шаһарда "Мәдениет үйі" де сатылып кеткен.
Ішін тойханаға айналдырған. Ал қазіргі орнын көрсең қарның ашып, қадірің қашады. Ескі ғимаратта отыр, міне біздің мәдениетіміз. Сондай-ақ Түркістан әкімідігі отырған 4 қабатты ғимаратты жөндеуге 257 миллион теңге бөлінеді де, артынша ол ғимарат жекеге сатылып кетеді. Қала әкімдігі ескі мұражайды паналап отырған жайы бар.
Алтыншы:
"Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамына қарасты еншілес компания 2020 жылы сыйға тартқан "Яссауи мұржайы" әлі күнге дейін бірде бір қонақ қабылдамаған. Оның үстіне музей құрылысына 3,3 млрд теңге жұмсалған. Мұны да жіті тексеріңіздер, - деп сауал жолдады.